Жапония премьер-министрі Конституцияға өзгерістер енгізу ниетін растады

АСТАНА. KAZINFORM — Жапон премьер-министрі Санаэ Такаичи жексенбі күні ел Конституциясын қайта қарау ниетін қуаттап, соғыстан кейінгі негізгі заң «заман талабын көрсету үшін жүйелі түрде жаңартылып отыруы керек» деп атап өтті, деп хабарлайды Kyodo.

Фото: Kyodo

Такаичи Конституция күніне орай конституциялық реформа жақтастарының жиналысына жолдаған бейнеүндеуінде әлеуетті түзетулерді жұртшылыққа дәйекті түрде түсіндіретінін мәлімдеді. Оның сөзінше, билеуші Либералды-демократиялық партия (ЛДП) басқа партиялардың қолдауымен Парламентте талқылауды жалғастырып, шешімдерге қол жеткізуге тырысады.

Kyodo News жүргізген соңғы сауалнамаға сәйкес, жапондардың 73%-ы конституциялық өзгерістерді ілгерілетуде партияаралық кең консенсусқа басымдық берілуі тиіс деп санайды.

— Талқылау тек талқылау үшін жүргізілмеуі керек. Саясаткерлер азаматтардың сенімін ақтап, нәтижеге бағытталған пікірталас жүргізуге міндетті, — деді Такаичи.

Консервативті көзқарастағы саясаткер ретінде танылған премьер-министр екінші дүниежүзілік соғыстан кейін күшіне енген Конституцияға алғаш рет өзгеріс енгізуді көздеп отыр. Реформаның ықтимал бағыттарының бірі — Жапонияның соғыс жүргізу құқығынан бас тартуын бекітетін және соғыстан кейінгі пацифизмнің негізі саналатын 9-бап.

Өзгерістерді қабылдау үшін Парламенттің екі палатасында депутаттардың үштен екісінің қолдауы, кейін жалпыұлттық референдумда көпшіліктің мақұлдауы қажет. ЛДП ақпандағы сайлауда Өкілдер палатасында үштен екі орын алып, одақтастарымен бірге Кеңесшілер палатасында да осы межеге жақындады.

Сәуірде өткен ЛДП съезінде Такаичи келесі партиялық съезге дейін өзгерістер ұсынысын енгізуді жоспарлап отырғанын айтты.

Жексенбідегі жиында бұрынғы министрлер кабинетінің арнайы кеңесшісі Томохико Танигути негізгі баптарға назар аударуға шақырды.

— 9-бап негізгі мәселе болып отыр. Екінші деңгейлі тақырыптарға ауысып кетпеу маңызды, — деді ол.

Сонымен қатар, ел бойынша қолданыстағы Конституцияны қорғауға арналған митингілер мен демонстрациялар өтті. Токиодағы бір акцияда публицист Синобу Ёсиока мемлекеттік туды қорлауға қылмыстық жауапкершілік енгізу бастамасын сынға алды.

— Мен Конституцияны өз баламдай сақтап, келесі ұрпаққа жеткізгім келеді, — деді Осака префектурасындағы митингте соғысты бастан өткерген 87 жастағы Харука Ватанабэ.

Бұған дейін Жапония Қазақстанға қандай жобаларды атқаруға көмектесетіні туралы жазған болатынбыз.