Жапония Ресейдегі елшісін кері шақырып алады

АСТАНА. 2 қараша. ҚазАқпарат - Жапонияның Ресейдегі елшісі Масахару Коно уақытша отанына оралады,

деп хабарлайды «Киодо» агенттігіне сілтеме жасаған BNews.

Мәскеудегі елшісін кері шақырып алуды Токио Ресей президенті Дмитрий Медведевтің 1 қарашада Курилге барғанына жауап ретінде жасап отыр. Д.Медведевтің бұл сапары жапондықтардың түсінбестігін туғызған еді, өйткені Токио аралдарды өзінің жері деп есептейді.

Медведев Курилге барған соң, Жапония сыртқы істер министрлігіне Ресей елшісі Михаил Белый шақырылып, оған наразылық нотасы табыс етілді. Сондай-ақ, Ресей Президентінің аралға сапарына қатысты Жапония премьері Наото Кан да өз өкінішін білдірді.

Өз кезегінде Ресей тарабы Токионың іс-әрекетін дұрыс емес деп отыр. РФ СІМ басшысы Сергей Лавровтың мәлімдеуінше, Президент барған Курил аралдары Ресейдің жері болып табылады. Смоленск алаңына шақырылған Жапония елшісіне де осындай түсінік берілді.