Жапония Семей полигонынан зардап шеккендерге қайтарымсыз грант бөледі
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Жапония қайтарымсыз грант бөлу туралы үкіметаралық құжатқа қол қойды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары — Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мәлім етті.
Айта кетейік, бүгін Астанаға алғаш ресми сапармен Жапония Сыртқы істер министрі Такеши Ивая келді. Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру жолындағы мәселелер талқыланды.
— Әріптесіммен өңірлік және жаһандық өзекті тақырыптар бойынша жан-жақты пікір алмастық. Көптеген халықаралық мәселе бойынша Қазақстан мен Жапонияның ұстанымы ұқсас. «Орталық Азия және Жапония» диалогын одан әрі дамытуға өзара ниетімізді растадық. Қазақстан мен Жапония әлем елдерін ядролық қарудан бас тартуға үндеп келеді. Осы тұрғыда, Жапония Сыртқы істер министрінің сапары Семей ядролық полигонының жабылу күні қарсаңына тұспа-тұс келуі ерекше маңызға ие, — деді Мұрат Нұртілеу БАҚ алдында мәлімдеме жасап.
Биыл Хирошима мен Нагасаки қасіретіне 80 жыл, ал келесі жылы Семей полигонының жабылуына 35 жыл толады.
— Бүгін ядролық сынақтардан зардап шеккендерге жәрдемдесу мақсатында Қазақстанға қайтарымсыз грант бөлу туралы үкіметаралық құжатқа қол қойдық (7,4 млн долл.). Бүгінде Осакада өтіп жатқан ЭКСПО дүниежүзілік көрмесі Қазақстанның жетістігін Жапон еліне танытуға мүмкіндік беріп жатыр. Көрменің табысты ақталуына тілектеспіз, — деп толықтырды министр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Президент жыл соңында ресми сапармен Жапонияға баруы мүмкін.
Айта кетейік, Жапония Қазақстанда ірі инвестор елдердің ондығына кіреді.