Жапония шетелдіктер үшін визалық алымды бес есеге арттырды

АСТАНА. KAZINFORM — Жапония 1 шілдеден бастап шетел азаматтары үшін визалық алымды бес есеге, ал елден шығу салығын үш есеге арттырды. Бұл шаралар шамадан тыс туризмнің алдын алуға бағытталған, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі Kyodo News сайтына сілтеме жасап.

Фото: Kyodo News

Жапония үкіметі 1 шілдеден бастап елден шығу салығын бір адамға 1000 иеннен 3000 иенге (шамамен 8 800 теңге) дейін ұлғайтты.

Сондай-ақ, осы күннен бастап Жапонияға кіру үшін виза қажет болатын шетел азаматтарына арналған визалық алым бес есеге өсті. Бір мәртелік визаның құны 15 000 иенге (шамамен 44 000 теңге), ал көпмәртелік визаның құны 30 000 иенге (шамамен 88 000 теңге) дейін көтерілді. Сонымен қатар, елден шығу салығының өсуіне байланысты қаржылық жүктемені азайту үшін Жапония билігі өз азаматтарына паспорт рәсімдеу құнын төмендетті.

Елден шығу салығы жолаушының азаматтығына қарамастан әуе және теңіз көлігі билеттерін сатып алу кезінде алынады. Бұл төлемнен тек ел аумағында 24 сағаттан аз уақыт болатын транзиттік жолаушылар мен екі жасқа толмаған балалар босатылады.

Жиналған қаражат танымал туристік орындарға түсетін жүктемені азайтуға жұмсалады. Атап айтқанда, шетелдік туристер көп жиналатын әйгілі фототүсірілім орындарында арнайы аймақтар жабдықталады.

Бұдан бөлек, қаржы өңірлік туризмді дамытуға бағытталады. Оның аясында теміржол вокзалдары жаңғыртылып, жергілікті теміржол желілері туристік бағыттарға айналдырылады. Бұл саяхатшыларды туристер сирек баратын өңірлерге тартуға мүмкіндік береді.

Бұған дейін Жапония ұшақтағыдай жеке купелері бар «Supreme Class» қызметін жоғары жылдамдықты пойыздарда іске қосатынын жазғанбыз.