Жапония Сыртқы істер министрі Иранды «сабырға» шақырды

ТОКИО. KAZINFORM – Жапон үкіметі Таяу Шығыстағы шиеленістің одан әрі өршуіне жол бермеу үшін Иранды сабырға шақырды. Бұл туралы Анадолы жазды.

Фото: aa.com.tr

Жапония Сыртқы істер министрі Такэси Ивая ирандық әріптесі Аббас Арагчимен телефон арқылы сөйлесті.

Жапония Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі 40 минуттық әңгіме барысында Ивая өз елінің Таяу Шығыстағы шиеленістің артуына, атап айтқанда Иранның Израильге жасаған соңғы шабуылына байланысты «елеулі алаңдаушылығын» білдірген.

Ивая барлық тараптарды, соның ішінде Иранды шиеленістің одан әрі өршуіне жол бермеу үшін сабырлылық танытуға шақырды, сондай-ақ аймақтағы шиеленіс ұлғайған жағдайда жапон азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Ираннан қолдау күтетінін айтты.

Иран Сыртқы істер министрлігінен жасалған жазбаша мәлімдемеге қарағанда, Арагчи мен Ивая аймақтағы соңғы өзгерістер туралы пікір алмасқан.

Министрлер одан әрі тұрақсыздыққа жол бермеу, Газа мен Ливанда шұғыл атысты тоқтатуды қамтамасыз ету және Израиль шабуылдары кезінде осы аймақтарға гуманитарлық көмек жеткізу үшін халықаралық күш-жігер қажеттігін атап өтті.

Сыртқы істер ведомстволарының басшылары екіжақты қарым-қатынастарды нығайту және аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында консультацияларды жалғастыруға келісті.