Жапония Таяу Шығыстағы қақтығысқа байланысты мұнайдың стратегиялық қорларын босатады

АСТАНА. KAZINFORM — Жапония Таяу Шығыстағы қақтығыс аясында бензин және басқа мұнай өнімдері бағасының күрт өсу ықтималдығына төтеп беру үшін 16 наурыздан бастап мұнай қорларын қысқарта бастайды, деп хабарлайды Kazinform. 

Фото: Kyodo

Премьер-министр Санаэ Такаичидің мәлімдеуінше, ел Халықаралық энергетика агенттігімен келісілген шешімді күтпей жеке секторда 15 күн сақталып отырған мұнай қорларын, содан кейін үкіметке тиесілі қорларды бір айға босатады.

Бұл Жапонияның 1978 жылы мұнай қорын жинай бастаған сәттен бері мұнайдың мемлекеттік қорынан халықаралық үйлестіру аясында емес, жеке тәртіпте босатылған алғашқы жағдай болады.

— Жапонияның Таяу Шығысқа шикі мұнайға қатысты тәуелділігі басқа елдермен салыстырғанда «айтарлықтай жоғары», ал импорттың «осы айдың соңында немесе одан кейін айтарлықтай төмендейтіні» күтіліп отыр, бұл бензин мен басқа да мұнай өнімдерін жеткізуде үзілістердің алдын алу шараларын қажет етеді, — деп мәлімдеді Такаичи.

Премьер-министр бензиннің орташа бөлшек сауда бағасы литріне 200 иеннен (1,26 доллар) асып кетуі мүмкін екеніне сілтеме жасай отырып бағаны үкіметтік қорды пайдаланып шамамен 170 иен деңгейінде ұстап тұруды көздеп отырғанын мәлімдеді, деп жазды Kyodo

Өнеркәсіп министрлігінің мәліметінше, қаңтардың ортасында бензин бағасы литріне 154,70 иенге дейін төмендеді, ал осы аптада литріне 161,80 иенге дейін көтерілген.

— Таяу Шығыстағы жағдай созылып кетсе де, біз халыққа үздіксіз көмек көрсетуді қамтамасыз ету үшін қолдау шараларын икемді түрде қайта қарастырамыз, — деді Такаичи.

Айта кету керек, Жапония мұнайының 90 пайыздан астамын Таяу Шығыстан импорттайды, бұл өткен айдың соңында АҚШ пен Израильдің Иранға шабуылынан кейін Парсы шығанағы жеткізушілерінен мұнай мен газ тасымалдауға кедергі келтіріп отырған Ормуз бұғазының жабылуы жағдайында оны өте осал етеді. 

Желтоқсан айының соңындағы жағдай бойынша Жапонияның мұнай қоры 470 млн баррель болды, бұл ішкі тұтынудың 254 күніне тең, оның ішінде 146 күн мемлекеттік, 101 күні жеке меншік секторға тиесілі, ал қалған бөлігі мұнай өндіруші елдермен бірге сақталған.

Осыған дейін Қазақстанда мұнай және газ конденсатын өндіру 96-98 млн тоннаға дейін төмендеуі мүмкін екенін жазған болатынбыз