Жапония үкіметі полицияға аю шабуылына қарсы қару қолдануға рұқсат беруі мүмкін

Фото: Kyodo

АСТАНА. KAZINFORM — Жапония үкіметі елде жиілеп кеткен аю шабуылдарының алдын алу мақсатында қосымша шараларды қолға алды. Билік полиция қызметкерлеріне аюларға қарсы атыс қаруын қолдануға рұқсат беру мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп хабарлайды Kyodo.

Биылғы қаржы жылының (сәуірден бастап) өзінде аю шабуылдарынан елде 12 адам қаза тапқан — бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Министрлер кабинетінің бас хатшысы Минору Кихара аю шабуылдарына қатысты өткен министрлікаралық жиында қазіргі жағдайды «ел азаматтарының қауіпсіздігі мен тыныштығына төнген нақты қатер» деп атады.

Жиынға қатысатын министрліктер саны бұрынғы бестен сегізге дейін ұлғайтылып, алғаш рет Қорғаныс министрлігі де қосылды. Кихара шұғыл шаралар жоспарын жүзеге асыруды тапсырды.

«Қоршаған орта министрлігінің мәліметінше, 2025 қаржы жылындағы 12 өлім жағдайы 2023 жылғы рекордтық алты оқиғамен салыстырғанда екі есе көп», деп жазды Kyodo.

Министрлік 2025 жылғы қосымша бюджет аясында аңшыларды тартуға арналған қаржы бөлу және аю популяциясын реттеу саясатын әзірлеу жоспарларын мәлімдеді. Сондай-ақ 2024 жылы енгізілген аюларға қарсы бақылау шараларының күшейтілетіні айтылды.

Айта кетсек, Жапонияда аюлардың адамдарға шабуылы рекордтық деңгейге жеткен.

Ал Риддерде жедел топ көшеде жүрген аюларды үркітіп, елді мекен маңынан алшақтатты.