Жапония, Ұлыбритания және Италия жойғыш ұшақ шығаратын зауыт салмақ

АСТАНА. KAZINFORM — Жапония, Ұлыбритания және Италия жаңа буын жойғыш ұшағын бірлесіп жасау бағдарламасы аясындағы жұмыстарын жалғастырып жатыр. Жапониядағы ұшақты әзірлеу және құрастыру орталығы ретінде Айти префектурасындағы Mitsubishi Heavy Industries зауыты қарастырылып жатыр, деп хабарлайды Kyodo .

Фото: Kyodo

Дереккөздің мәліметінше, Жапониядағы өндірістік алаң Mitsubishi Heavy Industries компаниясының Комаки-Саут зауытында орналасады. Орталықты осы жылдың соңына дейін құру жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде кәсіпорында жаңа ұшақты әзірлеуге қатысып жатқан британдық инженерлер жұмыс істейді.

Сонымен қатар серіктес елдер ұшақты жобалау және өндіру міндеттерін өзара бөліскен. Ұлыбритания Уортондағы орталығын дамытса, Италия Туриндегі орталығын жетілдіреді.

Mitsubishi Heavy Industries үшін жаңа буын жойғыш ұшағын жасау бағдарламасы аймақтық жолаушылар ұшағы Mitsubishi Regional Jet жобасы аяқталғаннан кейінгі негізгі даму бағыттарының біріне айналып отыр.

Жапония, Ұлыбритания және Италия бірлескен бағдарламаны 2022 жылы іске қосты. Жаңа әскери ұшақтарды алғашқы жеткізу 2035 жылы басталады деп жоспарланған. Осы аптада Канада жобаға алғашқы бақылаушы ретінде қосылды. Германия мен Аустралия да жобаға қатысуға қызығушылық танытып отыр.

Болашақ жойғыш ұшаққа радиолокациялық көрінуді азайтатын технологиялар, үлкен көлемдегі ақпаратты өңдеуге қабілетті заманауи радар және жасанды интеллект арқылы деректерді талдау жүйесі енгізіледі.

Ұшақты жапондық Japan Aircraft Industrial Enhancement Co. Ltd., британдық BAE Systems және италиялық Leonardo компаниялары құрған бірлескен кәсіпорын — Edgewing әзірлеп жатыр.

Бұған дейін Жапония парламенті екінші астана құру туралы заңды мақұлдағаны туралы жазған болатынбыз.