Жапония валюта бағамын ұстап тұруға екі айда рекордтық 15,4 трлн иена жұмсады

АСТАНА. KAZINFORM – Жапония шілде-тамыз айларында ұлттық валютаның құлдырауын тежеу үшін иена сатып алуға рекордтық 15,4 трлн иена (96 млрд доллар) жұмсады. Оның ішінде АҚШ билігімен бірлескен валюталық интервенция да бар, деп хабарлайды Kyodo .

Фото: Kyodo

Жапония Қаржы министрлігінің жұма күні жариялаған мәліметінше, 30 шілдеден сәрсенбіге дейінгі кезеңде жұмсалған қаражат биыл сәуір-мамыр айларындағы үш күнде тіркелген 11,73 трлн иеналық бұрынғы айлық рекордтан асып түсті. Нарық бұған дейін интервенция көлемін 11-12 трлн иена деп бағалаған еді.

Жапония үкіметіндегі дереккөз ел билігінің 30 шілдеде валюта нарығына араласқанын растады. Бұған дейін, 23 шілдеде доллар бағамы 163,99 иенаға дейін көтеріліп, шамамен 40 жылдағы ең жоғары деңгейге жеткен.

31 шілдеде Нью-Йорктегі сауда-саттық кезінде АҚШ билігінің қатысуымен тағы бір интервенция жүргізілді. Бұл екі елдің соңғы 15 жылдағы алғашқы үйлестірілген валюталық интервенциясы болды. Кейін бірлескен операцияны екі елдің үкіметі де растады.

Премьер-министр Санаэ Такаичи шығындарды қаржыландырудың нақты жоспарын ұсынбай, мемлекеттік шығыстарды белсенді түрде ұлғайтып отырғандықтан, Жапонияның қаржылық жағдайы одан әрі нашарлауы мүмкін деген алаңдаушылық бар. Осыған байланысты иенаға қысым сақталып отыр.

Ал Иранмен соғысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізу перспективасы әлі белгісіз болғандықтан, дағдарыс кезінде қауіпсіз актив саналатын АҚШ валютасына сұраныс жоғары болып отыр.

31 шілдедегі интервенциядан кейін доллар бағамы қысқа уақытқа 155 иенадан сәл жоғары деңгейге дейін төмендеді. Алайда кейін қайта нығайып, қазір шамамен 159 иена деңгейінде саудаланып жатыр.

Иенаның әлсіреуі импорттық тауарлардың құнын арттырып, елдегі инфляцияның өсуіне ықпал етеді.

Айта кетсек, Қазақстан Ұлттық қорының валюталық активтері $65,5 млрд-қа жеткені белгілі болды.

Ал 14 тамыз күні теңге екі аптада 10 теңгеге нығайғанын жаздық.