Жапонияда 270-тен астам ұшақ рейсі кейінге шегерілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сәрсенбі күні қардың көп түсуінен Жапонияның Хоккайдо аралында 5 мыңнан астам үй электр жарығынсыз қалды, деп хабарлады Hokkaido Electic Power Co энергетикалық компаниясы.

Компанияның мәліметтері бойынша, негізінен аралдың шығысындағы 19 елді мекен электр жарығынан ажырап қалды. Қалың түскен қардан Хоккайдода темір жол және әуе қатынастарына да күрделі зақым келді. 300-ден астам пойыздың қозғалысы тоқтатылып, 272 әуе рейсі кейінге қалдырылды. Елдің ұлттық метеорологиялық басқармасының мәліметтері бойынша Хоккайдоның шығысында кейбір аудандарда желдің жылдамдығы секундына 35-40 метрге дейін жетеді, өткен тәуліктерде онда 70 см-ден астам қар түсті. Арал тұрғындарына төтенше қажеттіліксіз өз үйлерінен кетпеуге кеңес берілді, деп жазады ТАСС.