Жапонияда 60 жастан асқан әжелерді «жалға алу» қызметі танымал болып келеді
Жапонияда егде жастағы әйелдерді сағатына шамамен 3 300 иенге (20 АҚШ доллары) және жолақысына тең қосымша ақыға жалдауға мүмкіндік беретін OK Obaachan (қазақша мағынасы – «Жақсы әжей») қызметі іске қосылды.
AZƏRTAC агенттігі жапондық БАҚ-қа сілтеме жасап хабарлағандай, бұл қызмет 2011 жылы Client Partners компаниясы іске қосқан сәттен бастап кең қолданысқа ие болып, бүгінгі күні оған 60 пен 94 жас аралығындағы 100-ге жуық зейнеткер әйел қатысып отыр. Олар тамақ дайындау, бала қарау, үй шаруасына көмектесу, каллиграфия және басқа да тәжірибелік қолдау түрлерін ұсынады. Сонымен қатар, бұл қызметтің аясында эмоционалдық қолдау – жанұялық дауларды реттеуге көмектесу, клиенттерге ажырасу кезінде серік болу немесе ата-аналарға көмек көрсету сынды қызметтер де көрсетіледі.
Аталған бастама Жапония қоғамындағы маңызды өзгерістерді бейнелейді: елде әр төртінші адам 65 жастан асса да жұмысын жалғастырып отыр. Бұл – тек қаржылық қажеттілік емес, сонымен бірге «икигай» деп аталатын өмірлік мағынаны іздеу мен белсенді болуға ұмтылыстың белгісі.
OK Obaachan — Жапонияда соңғы жылдары кең тараған «отбасыны жалға алу» қызметінің бір бөлігі саналады. Бұл қызмет түрлері әлеуметтік оқшаулану мен дәстүрлі отбасылық құрылымдардың өзгеру мәселелерін шешуге бағытталған. Адамдар жалған туыстарды, достарды жалға алып, өз өміріндегі бос кеңістіктерді толтыра алады.
Айта кетелік Жапонияда екі арал үш күннің ішінде бір-бірінен 10 сантиметрге алыстап кеткен еді.