Жапонияда аптап ыстықтан 600-ге жуық адам зардап шекті

АСТАНА.ҚазАқпарат - Жапонияда бір апта ішінде қатты ыстықтың салдарынан 570 адам ауруханаға жатқызылған. Зардап шеккендер туралы ақпарат Токио, Осака, Саитама, Фукуока, Окинава префектураларынан түсуде.

Қазіргі кезде Жапонияның кей аймақтарында жауын жауып, ыстықтың беті қайтуда. Ірі қалаларда термометр бағаны 26 градусты көрсетіп тұр.

Елдің бас метеорологиялық агенттігінің болжамынша, Жапонияның батысындағы жауын-шашын жылдамдығы бір сағатта 50 миллиметрге жетуі мүмкін. Кейбір аймақтарды су басу мүмкіндігі жөнінде ескерту жарияланды, деп хабарлайды шетелдік БАҚ.