Жапонияда ауа температурасы 40°C-ден асты

АСТАНА.KAZINFORM — 21 шілдеде Жапонияның орталық бөлігінде температура 40°C-ден асып, адам төзгісіз аптап ыстық болды, деп хабарлайды Jiji Press .

Фото: Kyodo

Ең жоғары температура — 40,3°C, Гифу префектурасындағы Тадзими қаласында тіркелді. Көршілес Айти префектурасындағы Тойота қаласында температура 40,1°C-қа жетті.

«Кокусёби» термині елде жаз айларында термометр бағаны 40°C-ден асқанын білдіреді және халықты аптап ыстық туралы ескерту үшін жаңадан енгізілді.

Жапония бойынша 914 метеостанцияның 278-інде температура 35°C-ден жоғары көтерілді. Бұл күндер «мосёби» санатына немесе «өте ыстық күндерге» жатады. Бұл жаңа терминология енгізілгенге дейін ең жоғары ескерту деңгейі саналған.

Токио үкіметі кеңсе қызметкерлеріне ыстық жаз күндерінде костюм мен галстукты тастап, қысқа жеңді жейде мен шолақ шалбар киюге рұқсат берді.

Бұған дейін Еуропадағы аптап ыстықтан 12 мыңнан астам адам көз жұмғаны хабарланған.

Сондай-ақ Нидерландта аптап ыстықтан өлім-жітім жиіледі.