Бұл бастама қоғамда біраз пікірталас тудырды. Сыншылар мұндай шара дискриминация мен әлеуметтік жіктелуге әкелуі мүмкін деп қауіптенеді.
Токионың солтүстік-шығысында орналасқан Ибараки префектурасы қатарынан төртінші жыл елде шетелдіктердің заңсыз жұмыспен қамтылу фактілері бойынша көш бастап тұр. Осыған байланысты билік 2026 жылдан бастап сыйақы жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. Алайда олар мұның шетелдік жұмыс күшін ығыстыруға арналмағанын айтады.
Механизм заңсыз жұмысқа алу фактілерін анықтауды көздейді. Билік өкілдері бұл жүйе шетелдік жұмысшыларға қарсы емес, тек еңбек заңнамасын бұзушыларға қарсы бағытталғанын түсіндірді. Сыйақы тек тұтқынға әкелген жағдайда төленеді.
Ибараки губернаторы Кадзухико Ойгава заң бұзушылықтармен күрес — жергілікті биліктің тікелей міндеті екенін және ол тиімді шараларды талап ететінін мәлімдеді.
— Мұның шетелдіктерді шеттетуге еш қатысы жоқ. Заңсыз жұмыспен қамтуды болдырмайтын қоғам қалыптастыру — шетелдіктердің толыққанды қатысуы үшін қажетті шарт, — деді ол баспасөз мәслихатында.
Билік бастаманы қолдауға қол жеткізу үшін түсіндіру жұмыстарын жалғастыруды жоспарлап отыр.
Алайда сыншылар басқа пікірде. Префектураның адвокаттар алқасы бұл жоспардан дереу бас тартуға шақырып, бұл азаматтарды шетелдік жұмысшыларға күдікпен қарауға, теріс пікірді күшейтуге және кемсітушілікке әкелетінін ескертті. Осындай үндеулерді Усикудағы уақытша ұстау орталығында шетелдіктерді қолдайтын азаматтық ұйымдар, сондай-ақ Жапониядағы кәріс тұрғындар одағы да жолдады.
Халықтың тез қартаюы мен жұмыс күшінің тапшылығы жағдайында Жапония өзінің дәстүрлі қатаң иммиграциялық саясатына қарамастан соңғы жылдары өзінің еңбек нарығын тұрақты түрде шетелдік жұмысшыларға ашып жатыр.
Айта кетейік, Ресейде еңбек мигранттарына қатысты жаңа ережелер енгізілмек.