Жапонияда «Бави» тайфунына байланысты жүздеген әуе рейсі тоқтатылды

АСТАНА. KAZINFORM – Жапонияның оңтүстігінде соққан қуатты «Бави» тайфунына байланысты дабыл жарияланды. Табиғи апат салдарынан 12 адам зардап шегіп, жүздеген әуе рейсі тоқтатылды. Билік су тасқыны мен көшкін қаупі туралы ескерту жасады, деп хабарлайды ТАСС .

Фото: depositphotos.com

Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендердің басым бөлігі ұшқан заттардың соққысынан жеңіл жарақат алған немесе дауылды желден құлап қалған. Мияко курорттық аралында екі турист қызды теңіз толқыны алып кеткенімен, олар жағаға өз күштерімен шығып, түрлі жарақат алған.

Тайфун аймағындағы желдің жылдамдығы секундына 40 метрден асып, кей жерлерде екпіні 55 метрге дейін жетеді. Мұндай жел жеңіл автокөлікті аударып жіберуге қауқарлы. Қазіргі уақытта «Бави» тайфуны сағатына шамамен 25 шақырым жылдамдықпен Қытай жағалауы бағытына қарай солтүстік-батысқа жылжып барады.

Дауыл нөсер жаңбырмен қатар жүріп жатыр. Синоптиктердің болжамынша, 12 шілде таңына дейін өңірде тәулігіне 250 миллиметрге дейін жауын-шашын түсуі мүмкін. Жапония билігі тұрғындарды су басу және көшкін жүру қаупінен сақ болуға шақырды.

Қолайсыз ауа райына байланысты Окинава аралы мен оған іргелес аралдардың әуежайларында 220 әуе рейсі тоқтатылды. Мияко аралында электр энергиясын беру жүйесінде ақаулар тіркеліп, көшедегі кейбір бағдаршамдар жұмысын тоқтатты. Сондай-ақ барлық паромдар мен теңіз көлігінің қозғалысы уақытша тоқтатылды.

Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ-тың Лос-Анджелес округіндегі «Саммит» орман өрті бір тәулікте шамамен 650 гектар аумақты шарпып, билік бірнеше аудан тұрғындарын эвакуациялау туралы шешім қабылдаған болатын.

Айта кетелік Тынық мұхитынан Жапонияға қарай қауіпті тайфун жақындап келетіні туралы жазған едік.