Жапонияда белгісіз біреу дәретханада табиғи апаттан зардап шеккендер үшін 130 мың доллар қалдырып кеткен

АСТАНА. 29 қыркүйек. ҚазАқпарат - Белгісіз біреу жапониялық Сайтама префектурасы Сакадо қаласы әкімшілігінің дәретханасында жер сілкінісі мен цунамиден зардап шеккен Тохоку ауданының тұрғындарына беру өтінішімен 10 млн. иен (130 мың доллардан астам) қалдырып кеткен.

Қала әкімшілігі хабарлағандай, «Мен - жалғыз басты адаммын. Мына ақшаны Тохоку тұрғындарына берулеріңізді өтінемін» деген жасырын хат пен ішіне ақша салынған қапшық өткен бейсенбіде табылған, деп хабарлайды Вigmir.net.

Ақшаның жартысы банк қағазымен оралған, соған қарағанда олар жақында ғана есеп-шоттан алынғанға ұқсайды. Қапшықтың ішінен сондай-ақ табиғи апаттан зардап шеккендерге қайырымдылық көрсетуге шақыратын үндеу хат та табылды.

Сакадоның әкімшілігі сәл күте тұруды ұйғарды. Егер жомарт азамат табылмай, ақшасын кері қайтаруды талап етпейтін болса ғана олар жапониялық Қызыл крестке аударылатын болады.