Жапонияда эмоциялы роботтардың сатылымы басталды - ВИДЕО

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапонияда гуманоидты Pepper роботтарының сынамалы топтамасының сатылымы басталды. Бұл роботтар жан-жағындағы адамдардың эмоцияларын сезініп, оларға әрекет етуге қабілетті екен.

Шетелдік БАҚ-тың жазуынша, тестілік топтамадағы 200 данасы лотерея бойынша оны құрастырушылар мен бағдарлама жасаушылардың арасында үлестіріледі. Олардың ескертулері ескерілгенен кейін, Pepper 2015 жылдың ақпанынан бастап ресми түрде саудаға шығарылады.

Робот жан-жағындағы адамдардың эмоцияларын тану үшін көптеген датчиктермен жабдықталған. Андроидтың басына түрлі түсті екі камера және үш өлшемді лазерлі датчик орнатылды.

Оны құрастырушылардың пайымынша, Pepper дүкенге келушілерге қызмет көрсетуге лайықты құрылғы. Адамның эмоционалдық жағдайын байқағаннан кейін, ол өзіндегі алгоритм арқылы клиенттің қызығушылығын тудырған затын анықтап, тауар орналасқан жерге дейін алып барады.

Қажет болған кезде ол тауарға түсініктеме беріп, ұсыныстар жасай алады. Жаппай өндірістің алдында құрастырушылар роботты өзін-өзі жетілдіретін қызметпен жабдықтамақ. Бұл өз кезегінде Pepper қоғамдастығына бұлтты жүйеде бірлескен тәжірибені жинақтап, өткен қателіктерге жол бермеудің амалдарын жасауға мүмкіндік береді.

Роботтың бойы - 1,2 метр, салмағы - 28 келі. Аккумулятордың қуаты тоқтаусыз 12 сағатқа жетеді. Бүгінде Pepper 1930 АҚШ долларына бағаланып отыр.