Жапонияда компьютерлік ақаулыққа байланысты 87 әуе рейсі ұшпайтын болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапонияның ондаған әуежайында ANA (All Nippon Airways) әуе компаниясының компьютерлік жүйесінде туындаған ақаулық салдарынан сейсенбі күні 87 ішкі рейс ұшпай, 10 мыңнан астам жолаушының жоспарын бұзды, деп хабарлады РИА Новости Киодо агенттігіне сілтеме жасап.

Әуе компаниясының хабарлауына сәйкес, олқылық жергілікті уақытпен сағат 08:20 (02:20 МСК) жолаушыларды тіркеу және ішкі рейстерге билеттерді онлайн-брондау кезінде туындады. Киодо агенттігі хабарлағандай, жүйенің қалыпқа келтірілгені жайлы сағат 11:30 (05:30 МСК) хабарланды.

ANA келтірілген қолайсыздық үшін кешірім сұрап, компьютерлік ақаулықтың орын алу себебін анықтап жатқанын хабарлады.

Киодо ақпаратынша, ішкі желідегі жапониялық басқа төрт әуе тасымалдаушы Starflyer, Airdo, Solaseed Air және Ibex Airlines де осы олқылық салдарынан зардап шекті. Өйткені олар да ANA пайдаланатын жүйені пайдаланады.