Жапонияда шамамен 350 мың адам кемінде бір рет кокаин тұтынған — зерттеу

АСТАНА. KAZINFORM — Жапонияда 15 пен 64 жас аралығындағы шамамен 350 мың адам өмірінде кемінде бір рет кокаин тұтынып көрген, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі Kyodo News агенттігіне сілтеме жасап.

Фото: fin-accounting.ru

Бұл — 2007 жылдан бері қолданылып келе жатқан зерттеу әдістемесі бойынша тіркелген ең жоғары көрсеткіш.

Жапонияның Денсаулық сақтау, еңбек және әл-ауқат министрлігі 2025 жылы жүргізген зерттеу нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 0,4%-ы кокаин қолданғанын мойындаған.

Зерттеу қорытындысының жариялануы кокаинге қатысты қылмыстық істер санының рекордтық деңгейге жетуімен тұспа-тұс келді. 2025 жылы полиция кокаинге байланысты 804 адамды жауапкершілікке тартқан. Бұл — алдыңғы жылмен салыстырғанда 218 адамға көп.

Елдегі ең көп қолданылатын заңсыз есірткі әлі де марихуана болып отыр. Сауалнамаға қатысушылардың 1,6%-ы, яғни шамамен 1,41 миллион адам оны қолданғанын айтқан.

Ұлттық неврология және психиатрия орталығының зерттеу жетекшісі Такуя Симанэнің айтуынша, заңсыз есірткі тұтыну құрылымы өзгеріп келеді.

— Бұрын негізгі есірткі ретінде стимуляторлар қолданылатын. Қазір Еуропа мен АҚШ-тағы сияқты үрдіс марихуана мен кокаинге қарай ауысып жатыр. Бұл қайталама тәуелділіктің алдын алу шараларын күшейту қажет екенін көрсетеді, — деді ол.

Зерттеу тобы 2025 жылдың қазан-желтоқсан айлары аралығында халықтың негізгі тіркелімінен кездейсоқ таңдалған 5 мың адамға сауалнама жолдаған. Оның 3 156-сы жарамды жауап берген. Зерттеу авторлары мәліметтердің қатысушылардың өз жауаптарына негізделгенін, сондықтан есірткі қолданушылардың нақты саны бұдан да көп болуы мүмкін екенін атап өтті.

Сауалнама нәтижесіне сәйкес, ерлердің 0,5%-ы, әйелдердің 0,3%-ы өмірінде кемінде бір рет кокаин қолданған. Бұл шамамен 210 мың ер адам мен 140 мың әйелге тең.

Жас ерекшелігі бойынша ең жоғары көрсеткіш 40 жастағы азаматтар арасында тіркелген. Бұл топтың 0,7%-ы, яғни шамамен 130 мың адам кокаин тұтынғанын айтқан.

Сонымен қатар, есірткі сатып алу туралы ұсыныстарға көбіне 20 жас шамасындағы жастар тап болған. Бұл туралы сауалнамаға қатысушылардың 1,2%-ы, яғни шамамен 140 мың адам мәлімдеген.

Ер адамдарға көбіне марихуана мен стимуляторлар, ал әйелдерге кокаин ұсынылған. Полицияның мәліметінше, көптеген адам есірткіні әлеуметтік желілер арқылы сатып алады.

Жапонияда есірткі қолдану деңгейіне қатысты зерттеулер 1995 жылдан бері екі жыл сайын жүргізіліп келеді.

Бұған дейін Жапония шетелдіктер үшін визалық алымды бес есеге арттырғанын жазғанбыз.