Жапонияда су тасқыны: 90 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапонияда Ибараки префектурасының 90 мыңнан астам тұрғыны су тасқыны мен көшкін салдарынан үйлерін тастап шығуға мәжбүр болды.

Бір адам хабар-ошарсыз кетіп, 12 адам жарақат алғаны хабарланды. Құтқарушылар тікұшақпен жергілікті тұрғындарды үйлердің шатырынан эвакуациялауда.

Жапондық Дзёсо қаласындағы Кинугава өзені тасып, кем дегенде 22 мың адамға залал келтірді. Үйлерді ішінара немесе толықтай су басты.

Жағдайдың нашарлауына «Этау» тайфунынан кейін өңірге келген күшті нөсер ықпал етті. Метеорологтардың айтуынша, соңғы үш тәулікте өңірге 600-700 мм ылғал түскен.

Әрі күшті жел соғуда. Сәрсенбіде ауа райының қолайсыздығы салдарынан Жапонияда ондаған авиарейстер кейінге қалдырылды. Билік 500 мыңнан астам адамға үйлерінен көшуді ұсынды.