РБК агенттігің Kyodo news агенттігіне сілтеме жасап хабарлауынша, қазіргі таңда 2 адамның қаза болғаны және 132 адамның жараланғаны мәлім болып отыр.
Мияги, Ивате, Акита, Фукусима және Ямагата префектураларының мәліметтері бойынша, жер сілкінісінен кейін полиция мен өрт сөндіру қызметтеріне өртену және газдың шығуы туралы көптеген қоңыраулар келіп түскен. Аталған префектураларда жүрдек пойыздардың қозғалысы уақытша тоқтатылды.
Кешегі ақпараттарда, жер сілкінісінің жапонның үш атом-электр стансасында электр энергиясы проблемасын туғызғаны айтылған болатын. Мияги префектурасындағы «Онагава» АЭС-інде электрмен жабдықтаудың сыртқы үш көзінің екеуі істен шыққан. Оған қоса, Аомори префектурасындағы «Хигасидори» АЭС-інде және Роккасодағы пайдаланылған ядролық отынды өңдеу стансасында да электр проблемасы туындап отыр.
Естеріңізге сала кетейік, жаңа жер сілкінісі апатты жағдайдағы «Фукусима» АЭС-інен 116 шақырым жерде тіркелген. Зілзала ошағы 40 шақырым тереңдікте болған. АҚШ-тың Геологиялық қызметінің нақтылаған мәліметтері бойынша, жер сілкінісінің магнитудасы 7,1 балды шамалаған.