Жапонияда тағы да жер сілкінді

АСТАНА. 16 наурыз. ҚазАқпарат - Токиодан бірнеше ондаған шақырым жерде бүгін, сәрсенбі күні тағы да жер сілкінісі болды.

Дүмпу магнитудасы 6 балды шамалады, цунами қаупі жоқ, деп хабарлайды «РИА «Новости» агенттігі «Киодо» агенттігіне сілтеме жасап.

Жапонияның метеорологиялық қызметінің ақпараты бойынша, жерасты дүмпулері Мәскеу уақыты бойынша сағат 6.52 шамасында тіркелген. Зілзала кіндігі Токионың шығысына қарай 96 шақырым жерде орналасқан. Зілзала ошағы 10 шақырым тереңдікте болған. Зардап шеккендер мен қираулар туралы әзірге ақпарат түскен жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жұма, 11 наурыз күні Жапонияның Мияги префектурасында ел тарихындағы ең жойқын зілзала болған еді. Зілзала магнитудасы 9 балл болған. Соңғы ресми мәліметтер бойынша, табиғат апатының салдарынан 10 мыңнан астам қаза тапқан және із-түзсіз жоғалған. Атом-электр стансасында апат болған.

Жапонияның бас метеорологиялық агенттігінің хабарлауынша, 7 балдан жоғары қалдық жерасты дүмпулері алдағы бір ай бойына жалғасады.