Жапонияда волейболдан Азия чемпиондар лигасының ойындары басталды
АСТАНА. KAZINFORM — Жапонияның Хираката және Киото қалаларында 11-18 мамыр аралығында волейболдан ерлер командалары арасында өтетін Азия чемпиондар лигасында Қазақстаннан «Ақтөбе» клубы бақ сынайды.
Қазақстан волейбол федерациясынан мәлім еткеніндей, осыған дейін Азия клубтық чемпионаты аталып келген, бүгін басталған жарыста ақтөбеліктер алғаш рет өнер көрсетеді.
«Ақтөбе» командасы өткен маусымда Қазақстан кубогы мен суперкубокты жеңіп алып, ел чемпионатында күміс жүлдегер атанған еді.
Сергей Трикоздың шәкірттері А тобында бастапқы кездесуін ертең аустралиялық «Queensland Pirates» клубымен өткізеді. Ал 13 мамырда 2023 жылғы Азия клубтық чемпионатының жеңімпазы, жапониялық «Suntory Sunbirds Osaka» командасымен сынға түседі.
Қазақстандық командалар бұған дейін Азия клубтық чемпионатында 1999 жылғы алғашқы додаға ғана қатыспаған еді. 2005 жылы алматылық «Рахат-ЦСКА» жеңімпаз атанды. Сондай-ақ қазақстандық клубтар төрт рет күміс, үш мәрте қола алды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Жетісу» клубының алғаш рет Азия чемпиондар лигасының жеңімпазы атанғанын жазған едік.