Жапонияда жаңа Үкімет құрылды

АСТАНА. 2 қыркүйек. ҚазАқпарат - Жапонияның жаңа премьер-министрі Йосихико Нода жаңа Үкімет құруды аяқтады.

Еuronews хабарлағандай, СІМ басшысы 47 жастағы Коитиро Гэмба болды. Бұған дейін ол Ұлттық стратегиялар министрі қызметін атқарды және дипломатиялық тәжірибесі болған жоқ. Бұдан бұрын жаңа Премьер атқарған Қаржы министрі қызметі парламенттің аты шыға қоймаған депутаты Дзюн Адзумиге бұйырды, ол үкіметтің құрамына алғаш рет еніп отыр.

Сарапшылар Премьер-министр Нода қаржы мәселелеріне өзі басшылық етеді деген болжам жасауда. Нода бюджет шығындарын қатаң қысқартып, салықтарды көбейтуді жақтайтындардың қатарында.

Йосихико Нода жаңа министрлер кабинетінің басты міндеті - таяудағы табиғи апаттан және қаржы реформасынан кейінгі елді қалпына келтіру.