Жапонияда жазғы фестивальдер мен дәстүрлі мерекелер маусымы қыза түсті

АСТАНА. KAZINFORM - Жапонияда шілде мен тамыз айлары дәстүрлі жазғы шараларға толы кезең саналады. Аптап ыстыққа байланысты көптеген мерекелік іс-шара кешкі уақытта өтеді. Бұл кезде көшелерге фестивальге қатысушылар жиналып, би билеп, шеруге шығады.

Фото: Jiji Press

Қала көшелерінде шамдар жағылып, отшашулар атылады. Отбасылар ата-бабаларын еске алуға арналған дәстүрлі рәсімдерге қатысады, деп хабарлайды Jiji Press.

Жапониядағы жазғы мерекелердің басты ерекшеліктерінің бірі – мацури фестивальдері. Олар тұрғындарды, отбасы мүшелері мен достарды ортақ мерекеге жинайды.

Жаз айларында Киото мен Осакада Гион-мацури және Тэндзин-мацури фестивальдері өтеді. Бұл күндері қаланың көшелерімен әшекейленген алып платформалар баяу қозғалады. Өзенге жүздеген шам жағылған қайық шығады. Мерекелік шара отшашумен аяқталады.

Жазда Жапонияның көптеген өңірінде Танабата жұлдыздар мерекесі атап өтіледі. Кейбір аймақтарда бұл мереке 7 тамызда өткізіледі.

Мереке кезінде жапондар үйлер мен көшелерді бамбук бұтақтарымен безендіреді. Оларға түрлі түсті қағаз жолақтарына жазылған тілектер ілінеді.

Танабата Орихимэ мен Хикобоси туралы аңызбен байланысты. Аңыз бойынша, бір-біріне ғашық болған олар Құс жолының екі жағында тұрады және жылына бір рет қана кездесуге мүмкіндік алады.

Фото: Jiji Press

Жапондар үшін О-Бон мерекесінің де маңызы зор. Бұл – ата-бабаларды еске алу кезеңі. Көптеген өңірде О-Бон тамыздың ортасында атап өтіледі.

Осы күндері отбасылар туған жерлеріне оралады. Олар туыстарының қабіріне барып, хош иісті таяқшалар жағады және құрбандық ретінде түрлі тағамдар қояды.

Жапон дәстүрінде О-Бон кезінде ата-бабалардың рухтары тірілер әлеміне оралады деген түсінік бар. Мереке аяқталған соң олар өз әлеміне қайта оралуы керек деп есептеледі.

О-Бонмен байланысты бон-одори биі де шілде және тамыз айларында Жапонияның көптеген қалалары мен ауылдарында өтеді.

Қатысушылар шеңбер құрып, музыка ырғағымен қарапайым қимылдар жасайды. Осылайша олар ата-бабаларды еске алуға арналған ортақ дәстүрге қатысады.

Фото: Jiji Press

Жапониядағы жазғы мәдени шаралардың қатарында Fuji Rock Festival фестивалі де бар. Елдегі ең ірі ашық аспан астындағы музыкалық фестивальдердің бірі Ниигата префектурасының тауларында жыл сайын өтеді.

Фестивальге Жапониядан және шетелден 200-ден астам өнерпаз қатысады.

Осыған дейін Жапонияда қабығы суда еритін экологиялық таза отшашу әзірленгені туралы жаздық.