Жапониядағы Қазақстан азаматтары елге ертең оралады -СІМ

АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Жапониядағы 60-қа жуық Қазақстан азаматы елге оралуға ниет білдірді.

Бұл туралы бүгін Астанадағы апталық брифингте Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов мәлім етті.

«Елге оралуға 60-қа жуық Қазақстан азаматтары ниет білдірді. Қазіргі кезде Ханад әуежайында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ұшағы қонады деп күтілуде»,-деді ресми өкіл.

Оның сөзіне қарағанда, Жапониядағы консульдық тізімде Қазақстанның 95 азаматы тіркелген. Олардың көпшілігімен байланыс мүмкіндігі іске асырылды. «Токиодағы Қазақстан Елшілігі тәулік бойғы режимде жұмыс істеп жатыр. Қазіргі кезде олар аталған елде уақытша немесе тұрақты түрде жүрген қазақстандықтардың мекен- жайын анықтауда. Әзірге зілзаладан зардап шеккен қазақстандық азаматтар тіркелмеді»,-деді А. Әбдірахманов.

Осы орайда ол Қазақстан азаматтарының елге ертең оралатынын айтып өтті.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі бүгін таңертең Жапониядағы қазақстандықтарды елге қайтару мақсатында ТУ-154 ұшағының аттанып кеткендігін қуаттады.

Ұшақ бортында жедел көмек көрсету үшін Медициналық апат орталығының білікті 2 дәрігері де бар. Сондай-ақ ұшақ қажетті аузсумен және азық-түлікпен жабдықталған.

Ал ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаровтың атап өтуінше, еліміздің Жапониядағы Елшілігі адамдардың тізімін анықтау жұмысымен айналысуда.

Естеріңізге сала кетейік, 11 наурызда Жапонияда жойқын жер сілкінісі болды. Қазіргі уақытта аталған елде консулдық есепке алынған 95 қазақстандық бар. Жерасты дүмпулері Токиода сезіліп, ғимараттардың ішінде жиһаздар құлап, терезе шынылары зақымданған. Жер сілкінісінің қуаты 8,9 балды құраған. Ал зілзала ошағы 10 шақырым тереңдікте орналасқан. Жапон үкіметі 2 мың адамның қаза тапқандығын хабарлап отыр. Бұған дейін олар табиғат апаты салдарынан қаза тапқандардың саны 10 мыңға жетуі мүмкін екендігін хабарлаған болатын.

Ал бүгін Жапония өкімет орындары жойқын жер сілкінісі мен одан кейінгі болған цунами салдарынан 5 мың адамның қаза тапқандығын қуаттады. Алайда бұл санның артуы да мүмкін екендігін айту керек, деп хабарлайды РБК агенттігі.

Жоғарыда айтылған тізімге бүгін түнде мәйіттері Мияги жағалауында табылған 2000 адам, сонымен қатар Сендай қаласында қаза тапқан 300 адам кіреді.

Билік мыңдаған адамдар із-түссіз жоғалғандар қатарында екендігін айтуда. Мысалға Минамисанирику қаласында сол жерде тұратын 9000 халықтың тағдыры әлі белгісіз.

Бұрынырақ кем дегенде осы қалада тұратын 1000 адамның опат болғандығы туралы айтылған еді.

Табиғат апатынан зардап шеккен барлық аудандарда құтқару операциялары жалғасып жатыр. Жапонияға шет елдерден көмек келуде, Ресей, Франция, АҚШ, Ұлыбритания елдері өз құтқарушыларын жіберген. Қытай, тіпті Ауғанстан елі көмек қолын созуға дайын екендіктерін жеткізген.

ҚР СІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, 11 наурыз күні Жапонияны шарпыған сұрапыл табиғи апатқа байланысты, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Күншығыс елінің халқына көңіл айту жеделхатын жолдады. Қазақстан осыншама қасіретті кезеңде достас жапон халқына жан-жақты жәрдем беруге, оның ішінде гуманитарлық көмек, құтқарушылар мен өзге де қажетті мамандарды жіберу арқылы қол ұшын беруге дайын екендігін білдірді. Бүгінгі таңда жапон тарабы көмектің нақты мөлшері мен түрін айқындауда.

Токиодағы Қазақстан Елшілігі тәулік бойы жұмыс істеп, Жапония аумағында тұрақты және уақытша тұратын отандастарымыздың орналасқан жерлерін анықтауда. Қазіргі кезде зардап шеккендердің қатарында қазақстандықтар жоқ.

Сонымен бірге, Жапониядағы туысқандарының тағдырына алаңдаушылық білдіріп отырған отандастарымыздың көптеген өтініштерін назарға ала отырып, еліміздің азаматтарын ұйымдасқан түрде Қазақстанға жеткізу жөнінде шешім қабылданды. Бұл шараны Сыртқы істер және Төтенше жағдайлар министрліктері бірлесіп атқаруда.