***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық Банк төрағасы Григорий Марченконы қабылдады. Кездесу барысында Г.Марченко Президентке Қазақстанның валюта нарығындағы жағдай туралы баяндап берді. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2011 жылдың басынан бері 6 миллиард АҚШ долларын сатып алған. Теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамы 1,25 пайызға нығайды.
11 наурыз күні Жапонияны шарпыған сұрапыл табиғи апатқа байланысты Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Күншығыс елінің халқына көңіл айту жеделхатын жолдағаны белгілі. «Егемен Қазақстан» газетінің атап өтуінше, осыған орай Қазақстан осыншама қасіретті кезеңде достас жапон халқына жан-жақты жәрдем беруге, оның ішінде гуманитарлық көмек, құтқарушылар мен өзге де қажетті мамандарды жіберу арқылы қолұшын беруге дайын екендігін білдірді. Бүгінгі таңда жапон тарабы көмектің нақты мөлшері мен түрін айқындауда.
***
«Тынық мұхитында 11 наурыз күні болған жойқын дүмпулер Жердің айналу кіндігін 17 сантиметрге жылжытты, деп мәлімдеді америкалық NASA аэроғарыш агенттігінің мамандары. Олардың есебі бойынша тәулік мерзімінің ұзақтығы 1,6 микросекундқа қысқарыпты», - деп жазады «Айқын» газеті. Күншығыс елі тарихында 100 жыл болмаған алапат табиғи атап жайында басылымның бүгінгі нөміріндегі «Жапониядағы зілзала жер кіндігін 17 сантиметрге жылжытты» деген мақалада кеңінен баяндалған. Басылымның атап өтуінше, Жапония аралдарындағы жерасты дүмпулері жағалауларға келіп соққан биіктігі он метрлік цунами толқындарын тудырды. Ғаламат күшті толқындар үлкен кемелердің өзін жағаға лақтырып, зәулім үйлерді мұхитқа алып кетті. Тіпті жолаушылар пойызының жоғалып кеткендігі туралы да ақпараттар бар.
«Айқын» газетінің жазуынша, Өскемен полициясы балаларға шабуыл жасап жүрген белгісіз педофил маньякты іздестіруде. Соңғы рет белгісіз маньяк көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісінде алты жастағы қызға шабуыл жасаған. Кішкентай қызды үйіне келе жатқан көршілері құтқарып қалған екен. Сырттан кірген адамдардан қаймыққан педофил табанын жалтыратқан. Оның түр-түсін әлі ешкім нақтылап көрмеген. Қала тұрғындарына үрей туғызған маньякты полиция қанша іздегенмен әлі ешқандай нәтиже жоқ. Еліміздің шығыс өңірін дүрліктірген осы жайт жайында басылымның сейсенбілік санындағы «Өскеменді үрейлендірген педофил» деген мақаладан біле аласыздар.
***
«Баку оттарын» ақыры «сөндірдік». «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында осы тақырыппен жарық көрген мақала өткен сенбіде елордада өткен «Астана арландары» мен «Баку оттары» арасындағы жекпе-жектерге арналған. «Айызымыз қана тамашалаған жекпе-жек кеші болды. Елордамыздың «Дәулет» спорт кешенінде Әзірбайжанның «Баку оттарын» қабылдаған «Астана арландары» осы уақытқа дейін жеңе алмай келген команданы тас-талқан етіп ұтты», - деп жазады басылым.
«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында филология ғылымының докторы, профессор Анар Салқынбаймен арадағы сұхбат «Ықылас танытса қытайды да қазақша сөйлетуге болады» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ғалым: «Біздің қазақ өзге халықтардың тарихында 100 жылға созылған жаңғыру үдерістерін бар болғаны 10-15 жылда бағынырған сияқты. Бұл маған біздің халыққа ғана тән құбылыс, қазақы феномен болып көрінеді. Ендеше, осындай қасиетке ие халық бір кездегі бабаларының тарихындағы ұлы жетістіктерді тағы да қайталай алады деп ойлаймын», - дейді.
***
«Президент Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен телефон арқылы сөйлесті», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Мемлекет басшысы БҰҰ Бас хатшысымен халықаралық өзекті мәселелерді, оның ішінде Мағриб елдеріндегі, Таяу Шығыс пен Орталық Азиядағы жағдайды талқылады. Пан Ги Мун Қазақстанның белсенді және сындарлы сыртқы саяси қызметі үшін ризашылығын білдірді. Атап айтқанда, БҰҰ Бас хатшысы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалығын және осы ұйымның саммитін Астанада жоғары деңгейде өткізгенін атап көрсетті.