Жапонияға баратын азаматтар қауіпсіздік мақсатында алдымен Токиодағы Елшілікпен хабарласқаны жөн - ҚР СІМ

АСТАНА. 28 наурыз. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Жапонияға баратын азаматтар қауіпсіздік мақсатында алдымен Токиодағы ҚР Елшілігімен хабарласқаны жөн.

Бұл жайында бүгін Астанадағы брифингте Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов мәлім етті.

«ҚР Сыртқы істер министрлігі жақын арада Жапонияға сапар жасауға жоспары бар отандастарымызды ондағы қауіпсіздік мәселесі жөнінде кеңес алу үшін Қазақстанның Токиодағы Елшілігіне алдын ала хабарласуын, сондай-ақ барғаннан кейін консулдық есепке тұруларын сұрайды» ,- деді ресми өкіл.

А. Әбдірахмановтың сөзіне қарағанда, қазіргі кезде есепке алынған 80-ге жуық Қазақстан азаматы Жапония аумағында қалған. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Жапониядағы зілзалаға байланысты еліміздің бірқатар азаматтары ұшақпен Қазақстанға қайтарылған болатын.