«Чиба аудиокоммуникациялар зертханасы» коммерциялық емес ұйымы бұл жобаны сәбилердің жылауынан шаршаған ата-аналарға көмектесу мақсатында жүзеге асырды. Зертхана қызметкерлері бұл бастаманы сот істерімен айналысу кезінде ата-аналардың күйзеліске ұшырауы, депрессия және жүйке ауруына шалдығуы салдарынан балаларға зорлық-зомбылық көрсету жағдайларына тап болғаннан кейін көтерді.
Ұзақтығы шамамен 14 минут болатын әуен музыкалық қобдиша мелодиялары мен тыныштандыратын дыбыстарды, соның ішінде теңіз толқындарының шуын біріктіреді. Жарияланғаннан кейін екі апта ішінде жазба X әлеуметтік желісінде 3,8 миллионнан астам қаралым жинап, зертхананың сайтына шамамен 350 мың адам кірген.
Зертхана жүргізетін дыбыстық сараптама кісі өлтіру, жол-көлік оқиғалары, мектептегі буллинг және ата-аналардың күйзелісі мен босанғаннан кейінгі депрессиясына байланысты балаларға жасалған қатыгездік фактілері сияқты түрлі істерде сот дәлелі ретінде пайдаланылады.
Зертхана басшысы Муцутоси Мураока ата-аналарға көмектесудің жолын бұрыннан ойластырып жүргенін айтады. Осы кезде телерадиокомпания оған сәбилерді ұйықтатуға арналған дыбыстар жасауды ұсынып хабарласқан.
— Мен айналысқым келген жоба дәл осы еді, — дейді ол.
Мураока ұйқы мен дыбыстарға қатысты бұрынғы зерттеулеріне қайта оралып, түрлі музыкалық аспаптың үнін сынақтан өткізді. Сондай-ақ ұйықтап жатқан кездегі өзінің тыныс алуын жазып алып, оның әсерін зерттеген. Нәтижесінде ол смартфон арқылы ойнатылатын музыкалық қобдишаның жоғары жиілікті дыбыстары мен теңіз толқынының шуына әрі ананың ұйқы кезіндегі тынысына ұқсайтын «қызғылт шуды» (pink noise) үйлестіруге тоқталған.
Муцутоси Мураока әуеннің негізгі параметрлерін — ырғағы мен дыбыс биіктігінің диапазонын анықтап, музыканы жазуды зертхана қызметкері Синсукэ Сибутаниге тапсырған. Ол бұл жұмысты небәрі үш күнде аяқтап шықты.
— Мен кем дегенде 30 минут демалуға мұқтаж ата-аналар мен балабақша тәрбиешілеріне көмектескім келеді, — дейді Мураока.
Ол сондай-ақ бұл музыканың барлық сәбиге бірдей әсер ете бермейтінін де атап өтті.
Әуенді зертхананың сайтынан маусым айының соңына дейін жүктеп алуға болады.
Еске сала кетейік, Үндістанда музыка даусынан 140 тауық қырылып қалды. Фермер диджейді сотқа берді.