Жапонияның ең ірі үш банкі киберқауіпсіздік үшін Anthropic ЖИ-ін пайдаланады

АСТАНА. KAZINFORM — Жапонияның ірі банктері киберқауіпсіздікті нығайту және қаржылық инфрақұрылымына кибершабуылдардың алдын алу үшін америкалық Anthropic компаниясының жасанды интеллект технологияларын қолданады.

Фото: Kazinform

BBC мәліметіне сүйенсек, жаңа Claude Mythos жасанды интеллект моделіне елдің үш ірі банкі — MUFG Bank, Sumitomo Mitsui Banking Corporation және Mizuho Bank қол жеткізе алады.

Claude Mythos жасанды интеллект моделі банк жүйелеріндегі осал тұстарды анықтау және хакерлік шабуылдарға төзімділікті арттыру құралы ретінде қарастырылып жатыр.

Хабарланғандай, Жапония мен АҚШ киберқауіпсіздік саласында ынтымақтастық аясында ЖИ енгізу мүмкіндігін талқылады. Екі елдің билігі қаржы секторына бағытталған қауіптерге тез әрекет ету қажеттігін атап өтті.

Сәуірде таныстырылған Claude Mythos моделі жасанды интеллект саласындағы ең озық жобалардың бірі ретінде индустрияның назарын аударған. Дегенмен сарапшылар мұндай жүйелер осал тұстарды іздеу және пайдалану үшін де қолданылуы мүмкін екенін ескертеді.

Бұған дейін модельге қолжетімділік ірі технологиялық компаниялар мен жеке қаржы ұйымдарымен шектелген. Алдын ала тестілерде жүйе мыңдаған ықтимал маңызды осалдықтарды анықтаған.

Сонымен қатар, Жапонияның қаржы қызметтері агенттігі, Жапония банкі және банктер секторы өкілдері киберқауіпсіздік шараларын үйлестіру үшін жұмыс тобын құруды талқылап жатыр. Алғашқы отырыс жақын арада өтуі мүмкін.

Еске салайық, Google жасанды интеллект арқылы жасалған хакерлік шабуылдар жаһандық қауіпке айналып отырғанын мәлімдеді.