Жапонияның Нагано префектурасында 5 балдық жер сілкінісі болды: Цунами қаупі жоқ
ТОКИО. KAZINFORM — Жапонияның Нагано префектурасында жұма күні кешке 5 магнитудалы жер сілкінісі тіркелді. Бұл туралы Жапонияның метеорология агенттігі хабарлады, деп жазды Синьхуа.
Жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша сағат 20:19–да 10 шақырым тереңдікте болған. Омати қаласында, Тикухоку және Огава ауылдарында дүмпулер жапондық жеті балдық сейсмикалық шкала бойынша «5 балдан төмен» деңгейде сезілді.
Агенттіктің мәліметінше, цунами қаупі жоқ.
Жер сілкінісінен кейін Огава ауылында электр жарығы уақытша өшкені хабарланды. Жергілікті уақыт бойынша 21:00–де аймақтық өрт сөндіру қызметі зардап шеккендер жоқ екенін мәлімдеді.
Стихия көлік қатынасына да әсер еткен. JR East теміржол компаниясы Каруидзава мен Итоигава станциялары арасындағы «синкансэн» жүрдек пойыздарының қозғалысын уақытша тоқтатты.
Еске сала кетейік, бұған дейін Жапонияда қоғамнан оқшауланып, үйінде көз жұмған жалғызбасты тұрғындар саны көбейгенін жазған едік.