Жылдамдығы, жайлылығымен танымал жапондық синкансэн жоғары жылдамдықты пойыздары бұдан да ыңғайлы бола түспек. Осы жылдың күзінен бастап жолаушылар есігі бекітілетін, жайылатын орындықтары және жеке Wi-Fi желісі бар бөлек купелерге тапсырыс бере алады.
Жапонияның әйгілі жоғары жылдамдықты пойыздары жаңа сәнді қызмет түрін енгізіп жатыр.
1 қазаннан бастап жолаушыларға жеке купелер ұсынылады.
Ұшақтың бірінші класына ұқсас бұл купелер қызмет іске қосылған сәттен бастап күніне шамамен 12 пойызда қолжетімді болады. Ал жыл соңына дейін олардың саны тәулігіне 30 пойызға дейін көбеймек.
Central Japan Railway Company және West Japan Railway Company 2028 жылдың соңына қарай «Supreme Class» купелері Токайдо желісі бойынша қатынайтын барлық синкансэн пойыздының шамамен 30 пайызында пайда болатынын мәлімдеді.
Жаңа купелер қандай болады?
«Supreme Class» кеңістігінің екі түрлі нұсқасы ұсынылады.
Бірінші нұсқа диван және кеңірек орынмен жабдықталады әрі екі жолаушыға дейін есептелген. Екінші нұсқа ықшамдау болып, жалғыз саяхаттайтын жолаушыларға арналған.
Ықшам купелер Токио мен Нагоя арасындағы «Нодзоми» синкансэн пойыздарында қолжетімді болады. Бір бағыттағы билет құны 32 440 иен (шамамен 176 еуро).
Ал сол бағыттағы кеңірек купенің бағасы 47 060 иен (шамамен 255 еуро) болады. Екінші жолаушыға қосымша негізгі билет пен жедел пойыз билетін сатып алу қажет.
Баспасөз мәслихатында JR Central президенті Сюнсукэ Нива жаңа қызметтің іске қосылуы «жоғары деңгейдегі қызмет көрсетуді күтетін клиенттерге үздік сервисті ұсынуға мүмкіндік беретінін» айтты.
Компания сондай-ақ келесі жылдың сәуірінен бастап жоғары жылдамдықты пойыздарда жылжымалы құлыпталатын есіктері бар жартылай жеке купелердің де пайда болатынын хабарлады. Дегенмен олар толық жабық кеңістік болмайды, керісінше биік қалқалары мен кеңірек жеке аймағы бар орындар түрінде ұсынылады.
Креслолардың құрылымы арнайы жасалған: орындықты шалқайтқан кезде оның сыртқы қабығы артында отырған жолаушыға кедергі келтірмейді.
Айта кетелік Жапония халықаралық туристік салықты 3000 иенге дейін көтеретіні туралы жазған едік.