Жаппай егін орағы науқанының басталуы қыркүйек айының бірінші онкүндігіне жоспарлануда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында шілде айында жауын-шашынның мөлшері нормадан 2-3 есе артты. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов мәлім етті.

«Астық егетін негізгі облыстарда маусымның бірінші бөлігінде нормадан төмен атмосфералық жауын-шашын мен суық ауа-райы байқалды. Астық егетін облыстардың көпшілік бөлігінде маусымның екінші жартысында және шілде айында жауған мол жауын-шашын вегетативтік массаның қалыптасуына, дәнді дақылдар дамуының созылуына, жаздық бидай егістерінде аурулардың таралуына және дамуына әкеліп соқты. Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында шілде айында жауын-шашынның мөлшері нормадан 2-3 есе артып, бұл биік бидай сабағының қалыптасуына, соның салдарынан жекелеген танаптарда егіннің жатып қалуына әсер етті», - деді Қайрат Айтуғанов.

Оның сөзіне қарағанда, жалпы алғанда, маусым және шілде айларында оң тиімді температуралардың жеткіліксіздігі байқалды. Ол дәнді, майлы және дәнді бұршақты дақылдардың өсіп-жетілуін шектейді. Егу мерзімдеріне байланысты егіннің дамып-жетілуінің созылуы маусым айында жауын-шашын норма шегінде болған өңірлерде 5-7 күнді, жауын-шашын нормадан 2-3 есе жоғары болған өңірлерде 7-10 күнді құрады.

«Осыны ескеріп, ауа-райының көпжылдық тәжірибесіне сүйенсек, тамыз айында егістің дамып-жетілуден артта қалушылығы сақталатын болады және жаппай егін жинаудың басталуы қыркүйек айының бірінші онкүндігінің соңында күтілуде. Тамыз айында ауа райы ыстық болған жағдайда жаппай егін жинаудың басталуы тамыз айының соңы мен қыркүйек айының басында күтілуде», - деп атап өтті вице-министр.

Айта кетейік, «Қазгидромет» РМК болжамы бойынша тамыз айында ауаның температурасы көп өңірлерде нормадан жоғары және норма деңгейінде, ал жауын-шашынның мөлшері норманың шегінде болады деп күтілуде.