Жаппай кәсіпкерлікпен қанша адамды қамти аламыз
Ауылды көтеруге зор мүмкіндік бар
Негізі, бас кезінде ұлттық экономика министрлігі өзіне тиесілі шараларды наурыздың 1-і күні бастайды деген ақпарат болған. Алайда аталған ведомствоның бұрынғы басшысын ірі көлемде ақша жымқырғаны үшін қамауға алғаннан кейін жаппай кәсіпкерлікті дамыту бастамасы сәл кідіріп қалды. Ал жаңа министрге осы саланың «кухнясын» толығымен зерделеп шығу қажет. Содан кәсіпкерлікті дамытуға жаппай несие беру шараларын бір айға шегеруге тура келді. Күні кеше ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов орта және шағын бизнесті ұлғайтуды көздейтін мемлекеттің тағы бір үлкен жобасының басталатынын мәлімдеді.
«Нәтижелі жұмыс пен жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы сәуірдің 1-інде басталады. Аталған бағдарлама үш бағытта (жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке үйрету және бизнеске несие беру) жүзеге асады. Біріншіден, ол - несиелендіру. Оның аясында өз бизнесін енді ғана бастап жатқан кәсіпкер болсын, бизнеспен бұрыннан бері айналысатын адам болсын, кәсіпкерлікке займ ала алады. Айта кетер жайт, ол займды кез келген кәсіпке алуға мүмкіндік бар. Несиенің шекті көлемі - 18 млн. теңге. Ал ставканың мөлшері 6 пайыз болады, бұл - соңғы әрі нақты ставка. Одан артық шығын шықпайды. Әрине, несие алғанда кепілзат мәселесінің туындайтыны белгілі. Біз оны жақсы білеміз. Сондықтан жаңа бағдарлама аясында несиенің 85 пайызына мемлекеттің өзі кепілдік жасайды. Ол - өз кәсібін енді ғана бастап жатқан бизнесмендерге арналған шарттар. Ал бұрыннан бері айналысатындарға 50 пайыздық кепілдік қарастырылған. Кепілдікке ешқандай ақша алынбайды. Кәсіпкерлер үшін қызметтің бұл түрі тегін болады. Осыны ерекше атап өткім келіп отыр», - дейді Тимур Мұратұлы.
Министрдің айтуынша, ағымдағы жылға бөлінген қаржының басым бөлігі ауылдар мен шағын қалалардың бизнесін дамытуға бөлініп отыр. Аталған қаражаттың көлемі - 27 млрд. теңге. Соның арқасында 3 мың адам өз кәсібін аша алады. Ал үлкен қалаларға 10 млрд. теңге қарастырылған. Онымен 2,5 мың адам қамтылады деген жоспар бар. Дегенмен, жаппай кәсіпкерлікке қатысатындардың саны одан да көп болуы әбден мүмкін. Себебі бір адамның жобасы 18 млн. теңгеге емес, одан да аз ақшаға бағалануы ықтимал. Соның есесіне кәсіпкерлікпен халықты көптеп қамтуға мүмкіндік бар. Дегенмен, жаппай кәсіпкерлікпен қамтылатын адам санының тиімді әрі өзекті жобаларға тікелей байланысты болатыны белгілі.
Тексерістерге дайын болу қажет
Бүгінде бизнестің бас ауруына айналған мәселелердің бірі - санитарлық талаптардың көптігі. Оның саны былай тұрсын, ішінде адам ақылына сыймайтын талаптар кәсіпкерлерді әбден шаршатты. Ашығын айту керек, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласында ескірген, тіпті ешқандай логикаға сай келмейтін талаптар аз емес. Мәселен, қоғамдық тамақтану орындарына қатысты ережелерге сәйкес, қара нан және ақ нан бөлек сақталуы қажет. Ал астыңғы және үстіңгі сөрелердің арақашықтығы, кем дегенде, 35 сантиметр болуы шарт. Сол сияқты тұрғын үйлерде орналасқан нысандарға түнгі уақытта азық-түлікті кіргізуге рұқсат жоқ. Логикасы жоқ талаптар осымен бітпейді. Санитарлық талаптар бойынша "макарон по-флотски" жасауға тыйым салынған. Ал жұмыртқадан жасалатын омлеттің шекті қалыңдығы 3 сантиметр деп көрсетілген.
Бұны мемлекет білмейді емес, біледі. Осы уақытқа дейін барлық санитарлық талаптарға ревизия жасалды. Соның нәтижесінде тексеріс қағаздарынан санитарлық талаптардың 80 пайызын, яғни 9 172-сін алып тастау туралы шешім шығарылды. Осылайша, тексеріс қағаздарында 2 371 талап қалды. Дегенмен, санитарлық ережелерде жалпы талаптар сақталып отыр. Оның ішінде де даулы мәселелер бар.
Бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин де осы саладағы ережелердің солқылдақ екенін біліп отыр. Оның ойынша, кәсіпкерлік нысандарға санитарлық тексеріс жүргізу кезіндегі тәртіп бұзушылықтардың басым бөлігі жас мамандардың біліксіздігінен болып жатады. «Иә, санитарлық-эпидемиологиялық тексерістер кезіндегі тәртіп бұзушылықтар үшін біз де айыптымыз. Одан қашпаймыз. Аталған кемшіліктердің басым бөлігі, нақты айтсақ, 90 пайызы университеттен кеше ғана келген жас мамандардың мойнында. Ашығын айту керек, бүгінде бізде маман тапшылығы қатты сезіледі. Педиатрлар мәселесі қалай өзекті болса, біздегі жағдай да солай болып тұр»,- дейді Бекшин.
Дегенмен, алдағы уақытта елімізде санитарлық ережелерді мүлдем алып тастау жоспарланған. Оның орнына қатерлерді талдау мен қауіпті салаларды анықтау принциптері енгізіледі. Аталған жүйенің негізгі мақсаты - кәсіпкердің жеке жаупкершілігін көтеріп, өзін-өзі бақылау негіздерін енгізу. Ондай жүйе кезінде санитарлық бақылау өз жұмысын жалғастыра береді.
Жаппай кәсіпкерлікті қолға алып жатқан ұлттық экономика министрлігі де қол қусырып отырған жоқ. «Бүгінде қандай бір кәсіпорынды тексеру үшін ол шараны алдымен Бас прокуратураның арнайы тіркеу комитетінде рәсімдеп алу қажет. Сосын басқа да әкімшілік рәсімдер бар. Оны өткеннен кейін ғана кәсіпкерді тексеруге рұқсат беріледі. Енді, кейбір салалар ондай процедураға кірмейді. Бірақ бірқатарын тағы бір мәрте қарап, жаңағы қатал рұқсат беру жүйесіне көшіру керек деп санаймыз. Осыған байланысты біз үш саланы алып, оған қатысты тиісті заң жобасын Үкімет пен Парламенттің қарауына ұсынатын боламыз», - дейді министр Тимур Сүлейменов.
Қазіргі кезде бизнесті тексеріп жүрген мемлекеттік органдар бірден хатттаманы толтырып, айыппұл салып жатады. Бұл - қазіргі заңнаманың талабы. Ендігі кезекте, кейбір салаларды қатаң шаралардың аясынан шығару жоспарланып отыр. Ондайда кәсіпкерге алдымен ескерту жасалады. Белгілі бір уақыттың ішінде ол ескертулер орындалмаған жағдайда ғана айыппұл салу шарасы қолданылады.
Негізі, бизнесте тексеріссіз де болмайды. Себебі осы салада табыс табудан бөлек, халықтың өмірі мен денсаулығы сияқты маңызды міндеттер бар. Осыны жеке мүддесі үшін пайдаланатын мемлекеттік тексерушілердің бар екені жасырын емес. Дегенмен, ақшаға құнығып, халық алдындағы жауапкершілігін ұмытатын кәсіпкерлердің де барын жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан бизнесті ашқаннан кейін тексерістерге дайын болу қажет.