Саяси жаппай қуғын-сүргіннің тарихта болғанына 75 жыл толуына арналған байқау - «Сіз бұрынғы КСРО халықтарының қуғын-сүргіні мен жер аударылуы туралы не білесіз?», «Сіздің отбасыңызға қуғын-сүргіннің әсері болды ма?», «Бұл қасірет енді ешқашан қайталанбасын» атты тақырыптар бойынша өткізілді.
Байқау қоржынына түскен 37 жұмысты Мемлекеттік тілді дамытудың Президенттік қорының директоры Азат Шауеев, «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Ерболат Қаменов, «Астана» жалпыұлттық журналының бас редакторы Мақсат Тәжі-Мұрат, «Вечерняя Астана» газетінің тілшісі Зарина Нокрабекова мен «АЛЖИР» мұражайының директоры Болат Жүнісбеков сынды білікті мүшелері бар қазылар алқасы сарапқа салды.
«Бұл қасірет енді ешқашан қайталанбасын» тақырыбы бойынша бірінші орын Ақмол кентінің № 5 орта мектебінің 9 сынып оқушысы Санжар Шаймерденовке берілді. Екінші орын Алматы қаласындағы Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің студенті Денис Поленовке бұйырса, үшінші орын Ақмол кентіндегі № 5 орта мектептің 9 сыныбының оқушысы Әсия Қоңырбековаға тиді.
«Сіздің отбасыңызға қуғын-сүргіннің әсері болды ма?» тақырыбы бойынша жолданған ғылыми еңбектердің арасында бірінші орын Түркістан қаласындағы А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті Ербол Жолымовқа берілді. Екінші орын Ақмол кентіндегі № 5 орта мектептің 9 сынып оқушысы Никита Чмилге берілсе, үшінші орын Түркістан қаласындағы А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті Айдана Салықбаеваға берілді.
«Сіз КСРО халықтарының қуғын-сүргіні мен жер аударылуы туралы не білесіз?» деген тақырыпта бірінші орын Ақмол кентіндегі № 5 орта мектептің 9 сынып оқушысы Ксения Денисенкоға берілді. Екінші орын Павлодар қаласындағы Инновациялық Еуразия университетінің студенті Ғалия Ахметоваға бұйырды және үшінші орын Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының студенті Мират Оспановқа бұйырды.
Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен және грамоталармен марапатталды әрі үздік жұмыстар «АЛЖИР» мұражайының веб-сайтына орналастырылатын болады. Сондай-ақ жақсы материалдар жинаққа шығарылып, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
Алқа мүшелерінің назарынан байқауға түскен басқа да материалдар қалыс қалмады, олардың еңбектері жинаққа енгізіліп, қатысқандығы үшін ынталандыру сыйлығымен атап өтіледі.