Қазақстанда жыл сайын қыркүйек айының екінші жексенбісінде Отбасы күні аталып өтеді. Осы айтулы мереке қарсаңында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы еліміздегі неке қию статистикасын жариялады.
2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстанда 74 648 неке ресми түрде тіркелді. Әсіресе жаз айларында шаңырақ көтерген жұптардың саны көп. Жаздың үш айында 38 мыңнан астам жұп некесін ресми түрде қиды.
— Жаздың ең көп неке қиылған айы — маусым. Осы айда 15 мыңнан астам неке тіркелді. Ал тамыз айында 11 761, шілдеде 11 674 жұп отбасын құрып, өмірлерінің жаңа кезеңіне қадам басты, — делінген хабарламада.
Жаңа отбасылар саны бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр — мұнда 12 344 неке тіркелген. Одан кейін Астана қаласында — 9 074, Түркістан облысында — 5 611 неке тіркелген.
Неке қию туралы өтінішті тіркеуші орган арқылы, электрондық үкімет порталы арқылы немесе екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы беруге болады.
Осыған дейін Әділет министрлігі қазақстандықтарға ескерту жасап, «некені ұзарту» туралы хабарлама келсе, сілтемеге өтпеуге шақырды.