Жарық сөніп, өндіріс тоқтады: Атырауда энергия тапшылығы қалай шешіледі
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атыраулық кәсіпкер құрылыс материалына сұраныс артқанда электр тогы өшіп, шығынға батып жатқанын айтты. Ток 2-4 сағат сөнсе, аппарат қосуға тағы сонша сағат жұмсайды. Kazinform тілшісі Энергетика министрлігі мен Атырау облысы әкімдігінен себебін сұрап білді.
Жарық кейінгі екі жылда жиі сөніп тұр — кәсіпкер
Атырау облысы Интер ауданындағы «ИСИ Гипс Индер» гипсокартон өндіру зауыты кейінгі екі жылда электр тапшылығы мәселесіне тап болды. Әсіресе құрылыс материалына сұраныс артқан жаз айларында жарық бірнеше сағатқа сөніп, кәсіпкер мен жұмысшыларды әбігерге салып тұр.
— Апатты кезде, яғни, жарық сөнгенде автоматты түрде іске қосылатын генераторды қосқымыз келеді. Себебі былтыр, биыл жарық беру шектеліп тұр. Ресми жауап кезінде «КЕGОС» АҚ-ның Батыс жүйеаралық электр тораптары филиалы 11 шілдеден бастап күн сайын «Апат» режимін қосқанын, бұған «МАЭК-Қазатомпром» ЖШС стансасындағы электр блогіндегі ақау себеп екенін жазған. Кейде алдын ала ескерту бермей, сөндіріп тастайтын болды. Ал біздің өндіріс үздіксіз жұмыс істеуге арналған. Мұнда гипсокартон шығады. Жұмысшылар ауысыммен күндіз-түні жұмыс істеп жүр. Мұндайда токты ажырату техникаға да қауіпті. Қаншама техникамыз істен шығып та қалды. Оның құны миллиондар тұрады. Энергия тұтыну бойынша үшінші категория болсақ та шектеу қоймауға болады ғой. Бізде екі өндіріс бар. Бірі игеру, екіншісі өнім дайындау орны. Далалықтағы кен игеру орнын токтан ажыратса қарсы емеспіз, бірақ зауытқа үздіксіз ток керек. Шағым айтып, «Атырау Жарық» АҚ президентіне, жергілікті электр стансасына да, облыс әкімдігіне де хабар беріп отырмыз. Бұл ірі өндіріс орны, салық төлеп отырмыз. Зауыт тұрып қалса кімге пайда? Өнім құрылыс саласына жетпей жатыр, — деді зауыт директоры Жолдас Үмбетяров.
Зауыт 20 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Мұнда 100-ден астам адам еңбек етеді. Жылына 5 млн шаршы метр гипсокартон шығарады. Еліміздің батысының сұранысын қамтып отыр.
— Қыста емес, ыстық басталғанда, жазда үнемі қайталанып тұр. Ток сөнгенде аппарат толық тоқтайды. Сондайда гипсокартоп қоспасының құрамы өзгеріп, құрылыс материалының кейбірі жарамсыз болып қалады. Қоспаны Ресейден аламыз, оның бәрі қосымша шығын, қалтаға түсетін салмақ. Шығынды есептеп, «Атырау Жарық» АҚ-ын сотқа беріп жатқанымыз жоқ. Ол — монополист. Басқа тасымалдаушы жоқ болған соң сотқа жүгінгеннен пайда таппаймыз. Былтыр 3-4 сағатқа, биыл 2-3 сағатқа ажыратып тұр. Ол кезде құрылғының бәрі жаппай тоқтайды, қайта қосуға 1-2 сағат кетеді, — деді Жолдас Үмбетяров.
Ешқандай іркіліс тіркелген жоқ — Атырау облысы әкімдігі
Атырау облысы әкімдігі қандай да тапшылық жоқ екенін айтып отыр. Қазіргі кезде облыста электр энергиясын өндіретін 7 мекеме бар.
Олар: «АЖЭО»АҚ, «KUS» ЖШС, АМӨЗ, Қашаған «NCOC», ТШО, «Манаш» жел электр станциясы, Доссор жел электр станциясы.
Энергия көздері KEGОС жоғары кернеулі желілері және «Атырау Жарық» АҚ тарату желілері арқылы жеткізіледі.
— Атырау облысы бойынша жылдық электр энергиясын тұтыну көлемі — 446 170 МВт (немесе 446,1 ГВт), тәулігіне — 1 360 МВт. Электр қуаты тапшылығы салдарынан өндіріс саласында ешқандай іркіліс тіркелген жоқ. Сонымен қатар өндірістік қажеттілікке байланысты «KUS» ЖШС электр өндіру көлемін 165 МВт-қа ұлғайтуды жоспарлап отыр. Атырау мұнай өңдеу зауыты қуатын 154 МВт-қа ұлғайту бағытында техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеп жатыр, — деп хабарлады Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Атырау облысы «2030 жылға дейінгі перспективалы даму» жобасын әзірледі. «Атырау жылу электр орталығы» қуаты 65 МВт-ты құрайтын № 6 турбоагрегатты қайта жаңғыртудан өткізді. Қазір сынақтан өтіп жатыр.
Бұдан бөлек Жылу электр орталығы 2026 жылы 25 МВт-ты құрайтын № 11 турбоагрегатты іске қосып, 2029 жылы 200 МВт өндіруді жоспарған.
— Мақат ауданы Доссор кенті маңында «Дивитэл» ЖШС қуаты 48 МВт болатын 24 жел электр станциясын іске қосты. 2024 жылдың тамыз айында Энергетика министрлігі аукцион өткізіп, Құлсары қаласында қуаты 250 МВт бу-газ турбиналық станса салу үшін мердігер анықталды. Бүгінгі таңда жер учаскесі белгіленіп, тиісті құжаттары рәсімделді. «KEGOC» АҚ батыс аймақты Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесінің негізгі бөлігімен байланыстыру үшін Ақтөбе облысынан (Өлке ауылы) ұзындығы 604,3 км болатын 500 кВ электр желісін жүргізуге техникалық-экономикалық негіздеме жасақтап, бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Қытайлық инвесторлар тарапынан қуаты 500 МВт болатын жел электр стансаларын салу бойынша ұсыныс қарастырылды, — деп хабарлады Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Министрлік жоспары қандай?
Қазақстан әлі де энергия өндіру мен тұтынуда тепе-теңдікке қол жеткізе алмай келеді. Мәселен 2024 жылы өндіру — 117,9 млрд кВтсағ, тұтыну көлемі — 119,9 млрд кВтсағ болды.
Айырмашылық — 2 млрд кВтсағ.
— Энергетика министрлігі электр энергетикасы саласын дамытуға бағытталған іс-шаралар жоспарын әзірледі. 2035 жылға дейін қосымша 26 ГВт-тан астам жаңа генерациялық қуаттарды іске қосу көзделген. Бұл жоспар электр энергиясын тұтынудың жыл сайынғы өсуі мен экспорттық әлеуеттің артуын ескере отырып, энергетикалық қауіпсіздікті сақтау, ел экономикасы мен халықты тұрақты энергиямен қамту мақсатында жасалды. Министрлік 2035 жылға дейін жалпы қуаты шамамен 5,5 ГВт болатын қолданыстағы стансаларды жаңғырту, қайта құру және кеңейтуді, сондай-ақ шамамен 12,4 ГВт қуаттағы жаңа дәстүрлі генерацияны және 8,3 ГВт жаңартылатын энергия көздерін салуды жоспарлап отыр, — деп хабарлады Энергетика министрлігі.
Ал Атырау облысын бөліп қарастырсақ, министрлік инвестициялық келісім аясында Атырау ЖЭО-дағы қуаты 130 МВт болатын № 6 және № 13 турбиналар ауыстырылғанын хабарлады.
Сонымен қатар Энергетика министрлігі мен «Атырау ЖЭО» АҚ арасында генерациялық қуаттарды жаңғырту, қайта құру және кеңейту бойынша инвестициялық келісім жасалған. Келісімдер шеңберінде № 11 турбогенератор мен № 15 қазандықты іске қосу, сондай-ақ 5 жаңа газ турбиналық қондырғыны (ГТҚ) орнату жоспарланды.
Аталған жобалар алдағы жылдары шамамен 269 МВт жаңа қуаттың іске қосылуын қамтамасыз етеді.
Ал Атырау облысы әкімдігі хабарлаған қуаты 250 МВт болатын бу-газ қондырғысын салу жобасы 2028 жылдың соңына дейін іске қосылады деп жоспарланып отыр. Инвесторы — «Sterna Power» ЖШС.
Атырау облысы әкімдігі мен Энергетика министрлігі «ИСИ Гипс Индер» гипсокартон өндіру зауытына қатысты сауалды сол күйі жауапсыз қалдырды.
Еске салсақ, шілде айында Ақтау қаласында бірнеше рет жарық өшіп, жауаптылар оны сымның ескіргенінен деп хабарлаған еді.
Бұл өңірде де басшылар электр энергиясы тапшылығы жоқ деп сендірді.