Желілерге кімдер жауапты?
Қаланың әр түкпірінде тұратын халық соңғы жылдары жарықтың жиі өшетіндігіне шағымданды. Оның ішінде жаңа үйлер көптеп салынып жатқан Жібек маталар комбинаты ықшам ауданының жұртшылығы да өз наразылықтарын білдіріп жатыр.
— Бұрын жарықтың сөнуі сирек еді. Ал енді жиі қайталанатын болды. Өткен жылы Есенберлин даңғылында жарық шамамен он сағат бойы өшіп тұрды. Биыл да тоқсыз отырған сәттеріміз аз болмады, — дейді ықшам аудан тұрғындары.
Өскемен қаласы әкімдігінің мәліметінше, бүгінде электр желілерінің жалпы ұзындығы 1 665,3 шақырымды құрайды. Ондағы тозу деңгейі — 92,3%.
Электр желілерінен бөлек жалпы қаладағы инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымның жағдайы мәз емес. Атап айтқанда, жылу желілерінің ұзындығы 460,7 шақырым болса, оның 63,3%-ы тозған.
Сумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы — 1 168,13 шақырым, орташа тозу деңгейі — 60%. Ал су бұру желілерінің ұзындығы — 594,9 шақырым.
— Сумен жабдықтау желілерінің 1 108,43 шақырымы «Өскемен Водоканал» ШЖҚ КМК-ға тиесілі, олардың орташа тозу деңгейі 57,5%-ды құрайды. Ал «Таза Өскемен» ШЖҚ КМК-ға қарасты 59,7 шақырымның тозу деңгейі — 62,5%. Қаланы жылумен «Өскемен ЖЭО», «Согра ЖЭО» және «Шығыс Жылу» кәсіпорындары қамтамасыз етеді. Су мен кәріз жүйелерін «Өскемен Водоканал» және «Таза Өскемен» пайдаланады. Электр желілеріне «Біріккен ЭнергоСервис Компаниясы» жауапты, — деп жауап берді Өскемен қалалық ТҮКШ, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Рашид Шерубаев Kazinform тілшісінің сауалхатына.
Биылғы жұмыстар барысы
Әкімдіктен жағдайды жақсарту үшін қандай шаралар атқарылып жатқанын сұрап көрдік. Белгілі болғандай, 2026 жылы жылумен жабдықтау саласында жалпы ұзындығы 2,3 шақырым жылу желілеріне күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Оның 1,7 шақырымы немесе 70%-ы орындалған. Шлюзная көшесі, 2/1 мекенжайындағы 1,4 шақырымдық жылу желісінің құрылысы да жалғасуда, мұнда жұмыстардың шамамен 75%-ы аяқталған. Сондай-ақ Садовая көшесі бойынша ұзындығы 1,1 шақырым жылу желісін салу көзделген. 2026 жылғы шілдеде құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындауға шарт жасалды.
— Сумен жабдықтау бойынша Металлург кентіндегі төрт көшеде, атап айтқанда Вартанян, Воронин, Энтузиастов және Дружбы Народов көшелерінде жалпы ұзындығы 10,9 шақырым желілер жөнделіп жатыр. Жұмыстарды биыл аяқтау көзделген. Ал су бұру жүйесінде КНС № 17-ден шығатын 1,5 шақырымдық қысымды коллекторды реконструкциялау аяқталып, нысан 26 ақпанда пайдалануға берілген, — дейді Рашид Шерубаев.
Жоспар қандай?
Қаладағы жылу инфрақұрылымын дамыту үшін «Өскемен ЖЭО»-да 130 Гкал/сағ қуатты № 16 қазандық агрегатын салу, «Шығыс Жылу» АҚ-ның № 2 қазандығын кеңейту және «Согра ЖЭО»-да жаңа қазандық агрегатын салу жобалары қолға алынбақ. Бұдан бөлек, қуаты 1 000 Гкал/сағ болатын ЖЭО-3 салу көзделген. Оны 2030 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
— Алдағы жылдары Аблакетка, Защита, Промбаза, Жыланды және басқа да аудандардағы су және жылу желілерін дамытуға басымдық берілмек. Электрмен жабдықтау бойынша да жаңа аумақтарды қосу, қосалқы станцияларды реконструкциялау және бау-бақша серіктестіктерінің желілерін дамыту жоспарланған, — дейді қалалық ТҮКШ, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары.
Әкімдік коммуналдық желілердегі апаттардың алдын алу үшін тозған учаскелерді кезең-кезеңімен ауыстырып, желілердің техникалық жағдайына тұрақты мониторинг жүргізілетінін хабарлады. Сонымен қатар электрмен жабдықтау саласында автоматтандырылған жүйелерді дамыту, ал су жүйесінде өндірістік процестерді автоматтандыруға баса назар аударылмақ.
— Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты — ең тозған учаскелерді жаңарту, апат санын азайту және қала тұрғындарын коммуналдық қызметтермен тұрақты қамтамасыз ету, — дейді Р. Шерубаев.
Еске салсақ, бұған дейін Астанада 10-нан астам көпқабатты тұрғын үй орталық жылу жүйесіне қосылмағаны хабарланған.