Жарияланбаған челлендж: СҚО-да ішімдіктен бас тартқан ауылдар саны артып келеді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында ішімдіктен бас тартқан ауылдар саны 19-ға жетті.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тізімге соңғылардың бірі болып Ақжар ауданының Байтұс ауылы қосылды. Елді мекенде өткен жиында тұрғындар алкогольден бас тарту бастамасын бірауыздан қолдады.
- «Заң және Тәртіп» идеологиясын ілгерілету аясында полицейлер ішімдіктен бас тартуды белсенді насихаттап келеді. Мұның артықшылығы көп: ішімдік ішпейтін ауылдарда ауыр және аса ауыр қылмыстар, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтар жасалмайды.
Биыл ҚР Ішкі істер министрлігінде «Полиция заң мен тәртіп күзетінде» атты профилактика жылы деп жарияланды. Облыста осы аралықта Уәлиханов, Тимирязев, Аққайың, Тайынша, Есіл, Ақжар, Жамбыл, М. Жұмабаев, Шал ақын, Ғ. Мүсірепов аудандарында 10-нан астам ауыл ішімдіктен бас тартты, - дейді полиция қызметкерлері.
Бұл «жарияланбаған челлендж» өңірде 2022 жылы басталып, оған алғашқылардың бірі болып Тайынша ауданының Теңдік, Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның Ковыльное, Айыртау ауданының Бірлестік пен Қарасай батыр ауылдары қолдау көрсетті.
Бұған дейін М.Жұмабаев ауданы Сулышоқ ауылының тұрғындары той-томалақты арақ-шарапсыз өткізетіндігін жазған едік.