Ғылымдағы тың жаңалық: жарқанаттар 65 млн жыл бұрын Еуропада пайда болған

АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа зерттеу нәтижелері жарқанаттардың эволюциялық тегі шамамен 65 млн жыл бұрын Еуропада пайда болғанын көрсетті. Бұған дейін олардың Азия, Африка немесе Америкада шыққаны болжанған. Бұл туралы Euronews жазды.

Фото: Қатонқарағай ұлттық паркінің ғылым, экологиялық мониторинг және ақпарат бөлімінен

Nature журналында жарияланған зерттеуге 103 жарқанат түрінің геномдық деректері мен әлемнің әр өңірінен табылған 44 қазба үлгісінің талдауы негіз болған. Зерттеу Bat1K халықаралық жобасы аясында жүргізілді.

Испанияның Ұлттық жаратылыстану ғылымдары музейінің зерттеушісі Исмаэль Гальванның айтуынша, ғалымдар алғаш рет жарқанаттың толық геномын қалпына келтірген.

– Бұл ресурс осы жануарлардың ерекше қасиеттеріне жауап беретін гендерді зерттеуге берік негіз қалыптастырады. Мұндай зерттеулер адамдағы қартаю, иммунитет және ауруларға төзімділік мәселелерін зерттеуге де көмектесуі мүмкін, – дейді испаниялық ғалым.

Стони-Брук университетінің профессоры Лилиана Давалостың айтуынша, қазба және қазіргі түрлердің эволюциясын геномдық деректермен қатар модельдеу ғалымдарға жарқанаттардың ежелгі тобының эволюциялық ағаштағы орнын дәлірек анықтауға мүмкіндік берген.

– Зерттеу нәтижесінде Еуропада пайда болған жарқанаттардың кейін Африкаға, одан әрі Азияға, Америкаға және Аустралияға таралғаны анықталды, – дейді профессор.

Фото: Nature

Ғалымдар белсенді қанат қағып ұшу мен эхолокация қабілеті жарқанаттардың эволюциясының кейінгі кезеңдерінде емес, олардың пайда болуына жақын уақытта қалыптасқанын анықтады. Қазба қалдықтары бұл ерекшеліктердің шамамен 65 млн жыл бойы сақталғанын көрсетеді.

Зерттеу барысында әлемнің шалғай өңірлерінде мекендейтін сирек түрлер де қарастырылды. Олардың қатарында Таиланд пен Мьянмада кездесетін ергежейлі жарқанат, Мадагаскардағы табанында жабысқақ сорғыштары бар түр және Жаңа Зеландияға тән қысқа құйрықты жарқанат бар.

Дублин университетінің профессоры Эмма Тилингтің айтуынша, жаңа зерттеу ондаған жыл бойы бір-біріне қайшы келген ғылыми тұжырымдардан кейін жарқанаттардың эволюциялық тарихын тұрақты филогенетикалық ағаш арқылы түсіндіруге мүмкіндік берген.

– Қазір әлемде жарқанаттардың 1500-ден астам түрі белгілі. Олар барлық сүтқоректілердің шамамен бестен бірін құрайды. Жарқанаттар өсімдіктерді тозаңдандырып, тұқым таратады және жәндіктердің санын реттеуге ықпал етеді, – дейді Э.Тилинг.

Техас технологиялық университетінің профессоры Дэвид Рэй зерттеу барысында жинақталған ауқымды деректер ғалымдарға жарқанаттардың геномдық өзгерістерін жан-жақты бақылауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл мәліметтер қазіргі жарқанаттардың алуан түрлілігі мен олардың бірегей қасиеттерінің қалыптасуын түсіндіруге көмектеседі.

Ғалымдар жаңа геномдық база жарқанаттарды зерттеумен ғана шектелмей, олардың ауруларға төзімділігі мен ұзақ өмір сүру ерекшеліктерін түсінуге, сондай-ақ адам денсаулығына қатысты зерттеулерге жаңа бағыттар ашуы мүмкін екенін атап өтті.

Айта кетейік, былтыр ШҚО-да Қызыл кітапқа енген сирек жарқанат көзге түскенін жаздық.