Жаркент мешітінде тарихи келбетті сақтай отырып реставрация жүргізіліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Алдағы кезеңде сыртқы 52 ағаш тіреу бағаны, қасбеттер, кірпіш сылақтары және бүгінге дейін сақталған сәндік өрнектер қалпына келтіріледі.

Фото: Kazinform

Бүгінде «Қазқайтажаңарту» РМК мамандары шатыр жабындысын қалпына келтіру жұмыстарын аяқтады. Қазір мешіт мұнарасы, айваны, кіреберіс порталы мен қаптал қақпаларының беті көп жылдан бері жиналған кір-қоқыс пен түрлі ластанудан тазартылып жатыр.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Алдағы кезеңде сыртқы 52 ағаш тіреу бағаны, қасбеттер, кірпіш сылақтары және бүгінге дейін сақталған сәндік өрнектер қалпына келтіріледі. Сондай-ақ күмбез бен сыртқы кірпіш беттері арнайы өңдеуден өткізіліп, қоршаулар жаңғыртылады.

Әрбір жұмыс ескерткіштің сәулеті мен ағаш ою-өрнектерін, көркемдік нақышын барынша сақтай отырып жүргізіліп жатыр. Ескерткішке іргелес аумақ та абаттандырылып жатыр.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жаркент мешітін ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу жөніндегі тапсырмасы аясындағы жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылып келеді.

Айта кетелік бас мешітке «Нұрсұлтан мешіті» атауы берілген еді.