Панфилов ауданы полиция бөлімінің ақпаратына қарағанда, 8 қараша күні 60 жастағы ер адам белгісіз біреудің үйін өртеп жібергеніне шағымданып, кінәлі адамды жауапқа тартуды сұраған. Жәбірленуші алдын ала келтірілген залалды 25 млн теңгеге бағалады.
«Полиция бұл әрекетке 24 жастағы жергілікті тұрғынның қатысы барын анықтады. Тергеу барысында күдіктінің сол үйде тұратын қызбен таныс болғаны анықталды. Қыз телефон қоңырауына жауап бермеген. Бұл күдіктінің ашуы мен қызғанышын тудырған. Сөйтіп, ол қыздың үйіне жасырынып кіріп, өртеп жіберген. Абырой болғанда өрттің көршілердің үйлеріне жайылуына жол берілген жоқ», - деп хабарлады аудандық полиция бөлімінен.
ҚР ҚК 202-бабының 2-бөлімінде көзделген «қасақана өртеу» әрекеті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Ұсталған адамға қатысты «келуге міндеттеу» процессуалдық мәжбүрлеу шарасы таңдалды.