Жәрмеңке, викторина, авторлармен кездесу: Астанада ауқымды кітап мерекесі қалай өтеді
Осыған орай, фестивальдің бас ұйымдастырушысы Майра Әлжан биылғы кітап мерекесінің ерекшелігі неде екенін, қандай қызықты іс-шаралар өтетінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
− Майра ханым, сұхбатымызды фестивальдің тарихынан бастасақ... Еліміздегі жалғыз кітап фестивалін өткізу идеясы қайдан келді ?
− Бұл фестивальдің негізін қалаушы – мемлекет қайраткері Жұлдыз Қажыкенқызы Омарбек. Ол 2014 жылы Алматы қаласының Мәдениет басқармасына жетекшілік етті және қала күніне іс-шаралар жоспары бекітілгенде тек қана ойын-сауық емес, зияткерлік бағытта да шаралар өткенін қалаған екен. Осылайша, шетелдік тәжірибелерді қарастырып, Алматыда кітап алмасу, кітап жәрмеңкесі, кітапсүйер қауымның басқосуын ұйымдастырды. Осымен он жылға жуық уақыт бойы Астана мен Алматыда кітап фестивалін үзбей өткізуге атсалысып келеміз. Біздің тәжірибені өңірлердегі әкімдіктерде өздеріне алып, өз қала-аудандарында, өз кітапханаларында өткізе бастады. Біз оған тек қуаныштымыз. Өйткені, 19 млн халқы бар елде жалғыз кітап фестивалі ғана болмауы керек.
«KitapFest» – ең алдымен әлеуметтік жоба. Командамызда фестиваль ұйымдастырумен 15 адам айналысуда, бәріміздің негізгі жұмысымыз бар, ал кітап жәрмеңкесіне волонтерлық, азаматтық парыз, қоғамға титтей де болса жақсылық жасау мүмкіндігі деп қараймыз.
− 2022 жыл – Балалар жылы болғандықтан, былтырғы кітап фестивалі бала тақырыбына арналыпты. Ал биылғы фестивальдің ерекшелігі неде, оқырманға қандай шаралар әзірлеп отырсыздар ?
− Биыл елімізде жыл бойы Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Спандияр Көбеев, Оралхан Бөкей, Кемел Тоқаев сынды көптеген ақын-жазушылардың мерейтойлары аталып өтуде. Біз де соған басымдық береміз. Бұл фестивальде арнайы қазақ жазушыларының шатыры құрылады. Онда жаңадан танылып келе жатқан жас авторлар өз еңбектерінің тұсауын кеседі, жазушылар, қоғам қайраткерлері, қазақ жазушылары, семинар мен лекциялар оқиды. Жалпы саны қырыққа жуық спикер шақырылады.
«KitapFest» – отбасылық мереке болғандықтан, барлық келушіге қызықты бағдарлама әзірледік және балалар да назардан тыс қалмайды. Тегін арт-терапия, аквагрим, қуыршақ театры, аниматорлардан бастап, үстел ойындары, тез оқудан шеберлік сыныбы, есте сақтау қабілетін дамыту, арифметикалық ойлау, минутқа оқу, викторина секілді жарыстар өтеді.
«Буккроссинг» әдісімен үйдегі оқылған кітаптарды әкеліп, басқа кітаптарға айырбастап алуға болады. «Ауылға кітап» әлеуметтік жобасына да үлес қосып, кітап әкелуге болады. Барлық жиналған кітапты ауылдардағы кітапханаларға жіберіледі.
Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана өз қорында сақталған «Сирек кездесетін кітаптар» көрмесін ұсынады. Ал «Оқырман ұлттың ұрпағымыз» фотокөрмесінде мерейтойы аталып өтетін ақын-жазушылардың фотосуреттері, тарихи сәттері көрсетіледі. Қазақ әдебиеті мен мәдениеті бойынша түрлі викториналар өтеді, сый ретінде кітаптар мен сертификаттар таратылады.
Одан бөлек, «Арт-кездесулер» бұрышында өлең оқу сайысы, сурет көрмесі, жас ақындар сайысы, бояу фестивалі өтеді. Үлкен сахнада «Қорқыт» этноансамблі өнер көрсетіп, мерекелік атмосфера жасайды.
− Фестиваль аясында қандай жаңа кітаптардың тұсаукесері өтеді?
− Жаңа тұсаукесерлер үшін арнайы «Жазушылар шатыры» тігіледі. Онда белгілі этнограф Әйгерім Мұсағажинованың қазақ тағамдары туралы жаңа кітабы таныстырылады. Танымал баспагер Райса Қадер Steppe&World баспасының «Айдаһарлар әміршілері», «Жапалақ күнделігі», «Сыңғармүйіз күнделігі», «Тентек балақайдың күнделігі» атты жаңа кітаптарын көрсетеді. Сондай-ақ, көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегері Айнагүл Хамитова «Дарынды бала әлемі» кітабын жарыққа шығарады.
Тағы бір жас авторымыз – Диана Батищева, ол 8 жасар ұлы Дамирдің ертегілерін жинақтап, жаңа кітап шығарған еді. Диана мен Дамир де фестивальлдің сыйлы қонақтары болады. Танымал блогер, психолог Динара Болат «Соңына дейін әйел» кітабын таныстырып, әйел мәселелері туралы сөз сөйлейді. Ал Зәуре Төрехан «Әмина Тұран көшпенділері елінде» атты алғашқы қазақстандық балалар мен жасөспірімдердің қиял-ғажайып романын жазған еді. Ертеңгі фестивальде Қазақстанда және шетелде кітап шығару туралы ақыл-кеңестерін бөлісіп, «Күйекөбелектер шаһары» туындысын көпшілік назарына ұсынады.
Одан бөлек, белгілі коуч, кәсіби бағдар беруші Назгүл Нұржан нон-фикшн жанрында «Как найти себя» кітабын жазған еді. Фестивальде де кәсіби бағыт-бағдар жөнінде құнды кеңестерін айтады. «Alaqai» баспасының өкілі Айнұр Сағынаева балалардың жыныстық жетілуі жайлы «Мен өстім» жинағын көрсетеді және жыныстық жетілу жайлы білімнің не үшін маңызды екенін түсіндіреді. Сонымен бірге, «Жеті ойыншық» жобасының авторы Сәкен Болыс балаларға арналған кітаптар мен ойыншықтарын ұсынады.
«Кітаптар жайлы offline» шатырында Оңайгүл Тұржан, Марғұлан Ақан, Перизат Мырзахмет, Асхат Садырбай, Рәзия Ақпар сынды сарапшылар оқырманмен сессия өткізеді. Сондай-ақ, блогерлер, қоғам қайраткерлері кітап оқудың пайдасы, сүйікті шығармалары туралы әңгімелейді.
Мұнда біз жазушыларға арналған семинар мен лекцияларды көбейткіміз келеді. Себебі соңғы 2-3 жылда өздеріңіз байқағандай, кітап дүкендерінде отандық жазушылардың кітаптары көптеп шығуда. Кітапты шығару бір бөлек, оны оқырманға жеткізу – екінші бір мәселе. Сондықтан, жас авторларға пайдалы шара өтеді деп ойлаймын.
− Қоғамда «Қазіргі жастар кітап оқымайды, бәрін интернет алмастырды» деген стереотип бар. Бұл жөнінде не ойлайсыз ?
Радио мен теледидар шыққанда да, кітап пен газет-журнал жоғалады деген болжамдар айтылды ғой. Бұл пікірмен келіспеймін. Қазіргі жастар көп кітап оқиды, тіпті балаларына кітап оқуды үйреткісі келеді. Біздің фестивальге көптеген жас аналар мен әкелер келеді, олар жаңа туған нәресте ештеңе түсінбесе де, жақсы сөз толқындары жетеді, біздің кітап оқығанымызды көріп үлгі етеді, өскенде өзі де жақсы дағды қалыптастырады деп айтады. Сондықтан кітап ісі бәсеңдеп қалған жоқ, жастар өте белсенді. Шетелдік әдебиеттермен қатар қазақстандық авторлар да жақсы танылып келеді.
Оның үстіне қазір электронды кітаптар, аудиокітаптар көбейді. Кітап оқыған адамның миы жаттығады. Мәселен, көптеген адамдар көрген киносын тез ұмытып қалады. Ал оқыған дүние есте қалады, сөйлеу мәнеріне, ойды жеткізуге, рационалды ойлауға көмектеседі. Кітап желісімен шыққан фильмдерді де көрермендер ұнатқанымен, оқырмандар ұнатпай жатады. Себебі әр адамның өз қиялындағы кейіпкері болады, режиссердің ұсынған кейіпкерін қабылдамай жатады. Бұл біздің миымыздың, қиялымыздың қандай шексіз екенін көрсетеді.
Ең бастысы – қазіргідей ақпараттың толассыз ағынында шығармаларды сүзгіден өткізіп, таңдап-талғап оқыған жөн. Джоан Роулингтің сөзімен айтқанда, «Егер кітап оқуды ұнатпасаңыз – жай ғана өз кітабыңызды таппағаныңыз».
− Сіздің сүйікті кітабыңыз қандай ? Жастарға қай шығармаларды оқуға кеңес бересіз ?
Маған ағылшын жазушысы Джейн Остиннің шығармалары ұнайды. Романтикалық шығармаларды жақсы көремін, сол бойынша экранизацияларын қалдырмай көремін. Қазақстандық авторлардан Дулат Исабековтың «Қарғын» романын оқуға кеңес беремін. «Қарғын» ерекше әсер қалдырған шығарма болды. Шетелдік авторларға келсек – АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обаманың жұбайы Мишель Обаманың «Becoming. Менің өмірім» кітабы ұнады. Жалпы жаңадан шыққан заманауи әдебиеттерді көбірек оқуға тырысамын.
− Қазақстандағы кітапханалар, кітап шығарудан бастап, оқырманға жарнамалау, сату, жеткізу, қаламақы төлеуге дейінгі механизмге сіздің көңіліңіз тола ма? Сарапшы ретінде сіздің пікіріңіз маңызды ?
− Барлық мәселе бір демде шешіледі деп ойламаймын. Қала әкімдіктері де, министрліктер де өз жұмысын жүргізіп келеді. Өйткені қазір көптеген кітапханалар жүйелі түрде жаңартылып келеді. Біздің бала кезіміздегі кітапханаларды еске алайықшы, қараңғы, жайшылықта адам бара бермейтін, шет жақтағы бір кабинет еді ғой. Ал қазір, ірі қалаларда коуоркинг стиліндегі кітапханалар көбейді, онда түрлі пайдалы шаралар өтеді, жаңа кітаптар алынып, балаларды қызықтыра алады.
Әрине әлі де үлкен жұмыстар жасалуы керек, сондықтан қазіргі жас жазушыларға, баспа үйлеріне мемлекеттен үлкен қолдау керек. Оларды шетелдік көрмелерге көптеп жіберу керек. Мәселен Германияның Франкфурт қаласында жыл сайын ең үлкен кітап жәрмеңкесі өтеді. Оған жүзден астам елден қатысушы келеді. Олар жыл сайын бір мемлекетті таңдап алып, сол елдің әдебиетіне тереңірек мән береді. Эдинбургте де бір апта бойы өтетін кітап көрмелері болады.
Сосын Қазақстанда кітап шығару ісі өте қымбат. Кітапқа қолданылатын қағаз бен бояу, техника – бәрі шетелден әкелінеді. Доллар құны сәл өссе, кітап шығару бағасы да қоса қымбаттайды. Мұның бәрі жазушыға үлкен ауыртпашылық салып отыр.
Шетелдегі баспа саласы да біздегіден әлдеқайда дамып кеткен, кино-сериалдарға әдеби шығармалар көптеп қолданылады, қомақты қаламақы төленеді. Баспамен бизнес жасау Батыс елдерінде 17-18 ғасырдарда қалыптасса, бізде енді қолға алынып келеді. Мәселен, танымал Голливуд актрисасы Риз Уизерспун үлкен кітап клубын құрды. Әлем бойынша оның жанкүйерлері Риз айтқан кітаптарды оқиды, талқылайды, жаңа авторлардың тамаша туындылары көзге түссе, оны кино-сериал продюсерлеріне жеткізеді. Бұл өте жақсы стратегия, бір жағынан жазушыларға қолдау, оқырман назарын аударту болса, екінші жағынан – кинотуындыға таптырмас идея. Бізде де талантты жастар көп. Сондықтан, еліміздегі кітап ісі кішкене қадамдармен алға жылжып келеді. Әзірге, сынай бермей, салыстыра бермей, те кқана қолдау көрсету керек деп есептеймін.