***
«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, Сочи қысқы XXII Олимпия ойындарының басталуына тура бір ай мерзім қалды. Дүбірлі додаға алып баратын уақыт даңғыл жолға түсті. Спорттың 15 түрі бойынша 98 медальдар жиынтығын сарапқа салатын бәсекенің дуылы мен дабыры тым жақыннан естіле бастаған сияқты. Биылғы спорт жылының ең ірі оқиғаларының бірі болғалы тұрған бұл жаһандық жарыстан қазақстандықтардың да өзіндік күтері бар. «Қазақстан спортының тізгінін таяуда ғана ұстаған жаңа басшы Тастанбек Есентаев соңғы күндері бұдан да жоғары межені айтып қалып, абыр-сабыр көңілімізді ерекше елеңдетіп қойды. Мұндайда «жақсы сөздің жарым ырыс» екенін білдірген төрағаға «аузыңа - май, астыңа - тай» деу ғана керек шығар. Ал оның пайымынша, Қазақстан спортшылары осы жолы артық-кемі жоқ 6 медаль алып қайтулары керек. Баянның батыл айтылғаны ақиқат. Ол осы арқылы еліміз саңлақтарының осыған дейінгі 5 Олимпиадада алған барлық жүлделері саны бір-ақ қайталанатынын білдіріп отыр»,-деп жазады мақала авторы. Бұл туралы «Ванкувер - Сочи» атты мақаладан оқи аласыздар.
Бас басылымның жазуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы «Универсиада-2017» нысандарының дайындық барысымен және «Көкжайлау» тау шаңғысы курортының жобасымен танысты. Мемлекет басшысына барлық маусымға арналған «Көкжайлау» тау шаңғысы курортын дамыту тұжырымдамасы таныстырылды. Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды Жаңа жылмен тағы да құттықтап, көзделген барлық жоспарлардың табысты іске асырылуына тілектестігін білдірді. Мемлекет басшысы Алматы облысы және жалпы еліміз үшін туризм индустриясының маңыздылығын атап өтті.
- Бүгін мен тау туризмін дамыту саласындағы әлемнің көрнекті мамандарының ұсыныстарын қарап шықтым. Қазірдің өзінде Шымбұлақ тау шаңғысы кешені мыңдаған қазақстандықтың саламатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді. Жаңа тау шаңғысы курортының жобасы бүкіл еліміз үшін маңызды болып саналады. Алматыда және облыста туризмді дамыту 100 мыңға жуық қосымша жұмыс орнымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қаланың қарқынды дамуы тауларымызды ұтымды пайдалануға байланысты болмақ. Еуропаның көптеген елінде адамдар кішкентайынан спорттың қысқы түрімен айналысады. Тау шаңғысы курортына баратын турист жылы және теңізі бар елдерге баратын туристерге қарағанда 6 есе көп кіріс әкеледі. Егер біз осы бағыттағы туристік саланы дамытатын болсақ, онда мыңдаған жұмыс орнын ашып, көп мөлшерде, соның ішінде табиғат қорғау саласына инвестицияны көбірек тартатын боламыз. Тек Шымбұлақ кешені ғана емес, облыстағы басқа да орындар пайдаланылатын болады және бұл ретте табиғат өз көрік-келбетін сақтап қала береді, - деді Қазақстан Президенті. Осы жайындағы мақала «Тау шаңғысы түсіретін табыс шаш-етектен» деген тақырыппен берілген.
***
«Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санында «В тройке бестселлеров» деген материал басылған. Газеттің жазуынша, отандық «Меломан» компаниясы өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда ең көп сатылатын кітаптардың рейтингін жариялады. Бестселлерлердің үштігіне қазақстандық тарихшы Радик Темірғалиевтің «Ақ Орда. Қазақ хандығының тарихы» туындысы еніп отыр.
Осы басылымның жазуынша, Павлодар облысында азаматтардың қаруды өз еркімен тапсыру акциясының нәтижесінде полицияға 559 дана тіркелмеген қару тапсырылды. Оның ішінде 479-ы тегіс ұңғылы мылтықтар, винтовкалар, шолақ мылтықтар, травматикалық қарулар және 30 мың дана оқ бар. Аталған облыстың ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша акцияны өткізу барысында халыққа жалпы 16 миллион теңгеден астам қаржы төленді. Бұл ақпарат «Сдал оружие - получил деньги» деген тақырыппен берілген.
***
«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Жарна жинаудан басқа жұмысы жоқ» деген мақала жарияланды. «Газетіміздің 2013 жылғы 26 желтоқсан күнгі нөмірінде жарық көрген журналист Жылқыбай Жағыпарұлының «ПИК - күрмеуі күрделі кооператив» атты мақаласы жер-жерде үлкен қоғамдық пікірлер туғызуда. Мақала жарық көрген күннің ертеңіне Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов өзінің БАҚ өкілдерімен жыл аяғында өтетін дәстүрлі кездесуінде бұл өзекті мәселеге ерекше тоқталып, ізінше қалалық газеттердің осы мақаланы көшіріп басуына мұрындық болды. Жаңа жылдың алғашқы күндерінде-ақ газет поштасына ағылып келіп жатқан оқырман хаттары да көпшілік мүддесіне тікелей қатысты бұл өзекті жайдың ешкімді бейжай қалдырмай отырғандығын көрсетеді»,-деп жазады басылым. Осы орайда мақала авторы Қарағанды облысынан келген пікірлерді көпшілік назарына ұсынып отыр.