«Тілдер фестивалі аясында бірнеше байқау өткіземіз, оның ішінде «Үздік жарнама» байқауы да бар. Өздеріңіз білесіздер, жарнамаларда қате көп. Яғни, жарнамалар қазақ тілінде қателермен, ал орыс тілінде сауатты басылады. Егер де жарнама бастапқыдан мемлекеттік тілде жазылмаса, мұндай кемшіліктер алдағы уақытта да жалғаса береді. Барлық жарнамалар ең әуелі орыс тілінде жасалып, кейін қазақ тіліне аударылады. Ал жарнамада креативтілік, поэтикалық, ауыспалы мәндегі тұстары, тұспалдап сөйлеу секілді әдістер пайдаланылады. Орыс тілінде осының барлығы жақсы жазылып, көрсетілгенімен, қазақ тіліне аударылған кезде бұл креативтіліктен, айтар мағынасынан ештеңе де қалмайды», - дейді Ербол Тілешов.
«Үздік жарнама» байқауы осындай кемшіліктерді жоюға бағытталған. Осы орайда тиісті ағартушылық жұмыстар жүргізіліп жатыр.
«Күнде мен 10-15 жарнамаға қол қоямын. Соның шамамен 70 пайызы қате болады. Күніне орташа алғанда онын түзетеміз. Мұнымен қоса, заңсыз ілінген жарнамалар бар. Тағы бір атап өтерлігі, нысандардың атауларын әділет мекемесінде тіркейді және онда жол берілген қате атауды бізге бекітуге келеді. Ол қатені бекітуге міндеттіміз, себебі, лицензиясында қате жазылған. Оны қайта барып түзетуге кәсіпкерлер қаржысын, уақытын жұмсап жүргісі келмейді. Азаматтарға нысанын ашу мен жарнама маңызды, ал тіл үшінші немесе төртінші мәселе. Кейбір түсінгендер қайта түзетуге барып жатады», - деді басқарма басшысы.
Е. Тілешовтің айтуынша, әрбір азамат атауы немесе жарнамасы қатемен ілінген нысан иелеріне ескерту жасап, белсенділігін танытуы маңызды. Айта кетейік, бүгін Астанада дәстүрлі Тілдер фестивалі басталды. Шара аясында қыркүйектің 19-ына дейін түрлі байқаулар мен шаралар ұйымдастырылады.