Жарнама туралы жаңа өзгерістер енуі мүмкін - Мәдениет және ақпарат вице-министрі

АЛМАТЫ. Қарашаның 25-i. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Мәдениет және ақпарат министрлігі енді  ақпарат құралдарында берілетін жарнаманың кем  дегенде  50 пайызы қазақ тілінде болу керек деген ұсынысқа зерттеу жүргізбек.

Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан ІІ медиа құрылтайда сөз болды,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақ тілді ақпарат құралдарын дамытуымыз керек. Оның түрлі тетіктері бар. Ондай ұсыныстар  бүгін  де айтылды. Мысалы, электрондық  ақпарат құралдарында қазақ тіліндегі хабарлардың үлесі 50 пайыздан кем болмауы керектігі заңда көрсетілген. Біз енді жарнаманың  кем  дегенде 50 пайызы мемлекеттік тілде болу керек деген ұсынысқа зерттеу жүргізіп, құзырлы заң шығарушы органға ұсынымдар әзірлемекпіз. Ол   қаншалықты іске асырылатыны Үкіметке байланысты», деді Мәдениет және ақпарат вице-министрі Ғазиз Телебаев. Оның пайымдауынша, ақпарат құралдары жарнама қабылдаушылар. Оны міндеттеу қиын. Сондықтан      «Жарнама туралы» заңға жаңа өзгерістер жасалып, салыққа қатысты жеңілдіктер   енгізілуі мүмкін. Бұл ақпарат құралдарында  қазақ тіліндегі жарнаманы ұлғайтудың бір тетігі ретінде қарастырылуда.