Жартастан құлаған адам Facebook-тің арқасында аман қалды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Америкалық турист Facebook желісінің арқасында аман қалды. Құтқарушылар оның тұрған жерін Facebook арқылы анықтаған.

Америкалық турист 11 жастағы ұлымен Калифорнияның таулы шатқалында Берриесса өзенінің маңында саяхаттап жүреді. Ер адам абайсызда аяғы тайып кетіп, 45 метр биіктіктен құлап кетеді. Ал баласы болса құтқару қызметін шақырады. Олар тұрған жерде байланыс нашар болғандықтан бала қай жерде тұрғандарын айтып үлгермей қалады. Құтқару қызметі оларға бірнеше рет қоңырау шалса да, байланыс үзіле берген.

Сол кезде құтқару қызметінің бір қызметкері ер адамның тұрған жерін Facebook арқылы іздеп көруге ұсыныс жасаған. Олардың желідегі парақшаларында ер адамның баласымен Берриесса өзенінің қасында түскен фотосы салынған екен, ал суреттің астында олар қайда тұрғандарын және қай жаққа бет алатындарын жазған.

Абырой болғанда, құтқарушылар аз уақыт ішінде атқалдан құлаған туристі тауып алады. Оған көрсетілген жедел көмектің арқасында ер адам аман қалды, деп жазады шетелдік БАҚ.