Жарты жылда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің өсімі 1,6 трлн теңгені құрады

АСТАНА. KAZINFORM — 2024 жылдың 6 айында ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің өсімі 1,6 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді. 

Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

«2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанның ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,6 трлн теңгеге жетті, бұл мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығындағы өсімнің арқасында мүмкін болды. Негізгі көрсеткіштерге ет өндірісінің 4,1%-ға, сүт өндірісінің 4,8%-ға және тауық жұмыртқасының 0,3%-ға артуы жатады», — делінген хабарламада.

Сондай-ақ бірінші жартыжылдықта ірімшік пен сүзбе өндірісі — 16,8%-ға, өңделген күріш — 11%-ға, өсімдік майы — 9,3%-ға, ашытылған сүт өнімдері — 5,6%-ға өсті.

Өсімдік шаруашылығында жалпы өнім көлемі 72 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3%-ға артық. Ерте пісетін көкөніс пен дәнді дақылдар өсімге негізгі үлес қосты.
Түркістан, Қостанай және басқа да 5 облыс өсу қарқыны жоғары негізгі өңірлерге айналды.