Жарты жылда Өзбекстан Қазақстаннан 1,5 млрд доллардың тауарын импорттады

Фото: ҚР Көлік министрлігі

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Жарты жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Өзбекстанның негізгі сауда серіктестерінің үштігінде қалды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстан Ұлттық статистика комитетінің ақпаратына сай, қаңтар-маусым аралығында елдің сыртқы сауда айналымы 37 млрд долларға жетіп, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 16,1%-ға өсті. Бүгінгі таңда көршілес мемлекет әлемнің 194 елімен сауда-саттық жасайды.

Өзбекстанның негізгі сауда серіктестері көшін Қытай бастап тұр. Екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 6,5 млрд доллардан (жалпы көлемнің 17,7%) асты.

Ал сауда-саттықтың 16,3% Ресейдің үлесіне тиесілі. Бұл елмен арадағы экспорт-импорт көлемі 6 млрд доллардан асады.

Сондай-ақ, көшбасшылардың үштігін Қазақстан түйіндейді. Біздің ел мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 2,2 млрд доллардан (6%) артық. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 296 млн долларға көп.

Қамтылып отырған кезеңде Өзбекстан Қазақстанға 676,4 млн доллардың тауарын экспорттап, 1,5 млрд доллардан астам сомаға өнім импорттаған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстанда қазақстандық капиталмен жұмыс істейтін компаниялар қатары көбейді. Атап айтқанда, жарты жылдың ішінде біздің ел Өзбекстанда 116 кәсіпорын ашты. Осылайша, қазір ресми Ташкентте қазақстандық капиталмен жұмыс істейтін компаниялар саны 1 157-ге теңелді.

Қоса кетсек, Қазақстан мен Өзбекстан арасында қосымша 4 сауда дәлізі ашылуы мүмкін. Сондай-ақ, Ташкентте Қазақстанның, Астанада Өзбекстанның сауда орталығы салынуы ықтимал.