Жарты жылда Қазақстандағы инфляция 2,6% болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылғы қаңтар-маусымда Қазақстан Республикасындағы инфляция 2,6%-ды құрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баға азық-түлік тауарларына ағымдағы жылғы алты айда - 2,9%, азық-түлік емес тауарларға - 2,5%, ақылы қызметтерге 2,4%-ға өскен.

Ағымдағы жылдың басынан бері біршама азық-түліктің бағасы өсті. Қырыққабат - 49,1%, тәтті бұрыш - 22,5%, қызылша - 18,3%, сәбіз - 16,4%, құмшекер - 11,9%, жаңадан жиналған жемістер - 9,6%, картоп - 7,6%, мәйекті ірімшік - 7%, консервіленген сүт - 6,2%, ірімшік және сүзбе - 5,5%, кофе - 5,2%-ға, сары май, қышқыл сүт өнімдері - 4,1%, ет өнімдері - 3,7%, жылқы еті - 3,5%-ға, қой мен сиыр еті - 3,4%, жаңа сауылған сүт - 3,3%, басты пияз - 3,2%, шошқа еті 2,9%-ға қымбаттаған.

Арзандаған тауар түрлері де жоқ емес.

"Мәселен қиярдың бағасы - 41,1%, қызанақ - 24,2%, қарақұмық жармасы - 19%, сарымсақ - 18,4%, жұмыртқа - 10,6%, құс еті - 1,9%, қара шай 1,5%-ға төмендеді" делінген хабарламада.

Дизель отыны - 7,5%, баллондағы сұйытылған газ 4,2%-ға қымбаттады, ал бензин 1,3%-ға арзандады.

Айтарлықтай қымбаттаған қызметтер де кездеседі.  Жолаушылардың әуе көлігімен жол жүру ақысы - 15,6%, қалааралық автобус - 4,9%, темір жол көлігімен - 3,6%, ішкі қалалық автобуспен 3,1%-ға қымбаттады.